Маңызды мәселе қараусыз қалмайды

Кеше облыс әкімі, Қуанышбек Ысқақов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, басқарма басшылары қатысты. Шара үзіліссіз жүргізіліп, 40-қа жуық тұрғынның талап-тілегі жіті назарға алынды. Негізгі мәселелер әлеуметтік қорғау, білім және денсаулық салаларына қатысты болды.

Қабылдау барысында тыл ардагері Жиеней Камалов пен еңбек ардагері Кенішбай Алшоразов пәтер алуға қатысты өтініштерін жеткізді. Алайда, екі ардагер де тұрғын үй кезегіне тіркелмеген. Бұл ретте аймақ басшысы баспана заңға сәйкес, кезекте тұрған азаматтар үшін кезең-кезеңімен берілетінін жеткізді. Сала басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қажетті құжаттарды жинақтауға ықпал етуді тапсырды.

Келесі кезекте қала тұрғыны Баян Жайбергенова қуанышымен бөлісті. Қызы Ақжайық Тәжі  облыс әкімінің гранты негізінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға оқуға түскен. Қуанышбек Досмайылұлына және облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебековаға алғысын айтып, жастардың сапалы білім алып, кәсіби білікті маман атануына жағдай жасалғанына ризашылығын білдірді. Осы орайда облыс басшысы тілектестігін айтып, алдағы уақытта грант иегерлерінің жұмыспен қамту мәселесі де назарға алынатынына тоқталды. Талапты да талантты жастар әрдайым қолдауға ие. Мемлекет тарапынан ауыл жастарының, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балалардың білім алып, аяққа тұруына көмек қарастырылған.

Мұнан соң облыстық саңыраулар қоғамының төрайымы Алтынкүл Аяпова сурдоаудармашылар мәсе­лесін көтерді. Оның айтуынша, аудандарда аталған маман жетіспеушілігі байқалады және есту кемшілігі бар жандардың басқа да мәселелері жеткілікті. Өңір басшысы осы өтініш бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тиісті жұмыстарды қолға алуды жүктеді.

Қабылдауда жеке ғана емес, өзі тұратын шағын аудан, ауылының мәселесін көтеріп, қоғамдық ахуал­ды айтқан азаматтар да сұрағына жауап алды. Маңызды шара алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Бастысы, қабылдаудың халық арасындағы рөлі артқан. Бір күн ішінде бірнеше тұрғын толғандырған мәселесін, ұсынысын ортаға сала алады.

Мөлдір Қалымбет.

БИЛІК 12 желтоксан 2019 г. 1 778 0