Қазан айының бас кезінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қарағанды облысындағы тоқтап тұрған «Сұңқар» ұшақ зауытын сынға алған болатын. Индустрияландыру бағдарламасы аясында ашылған, бірақ осы күнге дейін бір ғана ұшақ шығарған зауытты сынға алған Елбасы, аймақ басшысына нақты міндеттер жүктеген еді. Осыған орай, облыс әкімі Бауыржан Әбдішев Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуына байланысты былай деді: «Фермер» ұшақтарын шығаратын зауытты іске қосуда серіктестер келісім міндеттерін бұзды. Кәсіпорын қажетті техникалық құжаттамамен қамтамасыз етілмеді. Мен серіктестердің өз міндетін орындауына қол жеткіземіз деген үміттемін». Оның айтуынша, қазақстандық тарап ресейлік әріптестерімен осы мәселе бойынша кездескен.
«Жуық арада «Қазақстан инжиниринг» АҚ-мен біздің алаңда кездесу ұйымдастырылады. Сондай-ақ, осы зауыт базасында ұшқышсыз басқарылатын ұшақ құрастыру мәселесін қарастырып, бүгінде біз осы бағыттағы жұмысқа белсене кірісіп жатырмыз», – деп түйіндеді өңір басшысы.