БАСПАНА БАСТЫ МӘСЕЛЕ
ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық Үкімет отырысында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды.
Отырыста Үкімет басшысы халықты сапалы да қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік жаңғыртудың негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Бағдарламаның 9 айдағы жүзеге асырылу қорытындысы туралы Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлама жасады.
Биыл жалпы пайдалануға берілетін тұрғын үйдің 59%-дан астамы, яғни 2,7 млн. шаршы метрі жекеменшік тұрғын үй құрылысының үлесіне тиеді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артық. Мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар 9 айда 524,9 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға берген.
Бағдарлама бойынша осы жылы 17,5 млрд. теңге нысаналы трансферт қарастырылған. Қазақстанның барлық өңірлері бағдарлама бойынша қаржы игеру көрсеткішін 94 пайыздан асырып отыр.
Отырыста сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрағасы А.Жұмағұловтың, «Қазақстандық тұрғын үй құрылысы Корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Р.Құсайыновтың, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының басқарма төрағасы Б.Палымбетовтың есептері тыңдалды.
Отырыста талқыланған мәселелерді түйіндей келе, Үкімет басшысы бағдарламаны жүзеге асыруға қаржыны кедергісіз бөлу мен бюджет қаражатының мерзімінде игерілуіне мониторинг пен бақылау жүргізуді тапсырды.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қаралып отырған мәселенің маңыздылығына тоқталып, тиісті құрылымдар өкілдеріне тапсырмалар жүктеді.
БИЛІК
24 қазан 2013 г.
1 648
0