БАУЫРЛАС ЕЛДЕР БІРЛІГІ ДАМУҒА НЕГІЗ БОЛАДЫ

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев Түр­кі­тілдес мемлекеттер ынтымақтастығының Төртінші саммитінің қорытындысына арналған брифингке қатысты.

Қазақстан Президенті қарым-қатынастардың қарқынына эко­но­микалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынты­мақтастық оң ықпал ететінін айта келіп, Кеңестің біздің ел мен мүше-мемлекеттер үшін маңыздылығын атап өтті. Бұдан бөлек, ол Әзербайжан, Түрікменстан және Түркия басшыларымен болған кездесулер екіжақты өзара ықпалдастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылауға мүмкіндік бергеніне тоқталды. 

Нұрсұлтан Назарбаев оты­рыс­та түрлі мәселелердің қарастырылғанын, соның негізгісі туризм индустриясын дамыту туралы болғанын атап өтті.

– Түркия туризм сала­сында жақсы ілгеріледі, біз оның тәжірибесін алу, қажетті мамандарды түрік университеттерінде даярлау жөнінде уағдаластық, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бірыңғай ақ­параттық кеңістікті бірлесіп дамыту мәселесі осы жылдан бастап талқыланатынын айтты.

Мемлекет басшысы отырыста талқыланған маңызды мәселенің бірі көлік және коммуникация саласын дамыту болғанын атап өтті. Ол салынып жатқан автомобиль жолдары мен теміржолдардың ел экономикасы үшін маңыздылығын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл аяқталуы жоспарланған «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолы өңірдегі көлік және логистика желісінің одан әрі дамуына септігін тигізетініне назар аударды.

Қазақстан Президенті Түркі кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында ешқандай қарама-қайшылық жоқ екендігін де атап өтті.
БИЛІК 07 маусым 2014 г. 1 037 0