АЛАЯҚТЫҚ АЗАЙМАЙ ТҰР

Қызылорда қалалық №2 сотта былтыр атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына сүйенсек, барлығы 856 адамға қатысты 753 қылмыстық іс қаралып аяқталған (2016 жылы – 731 іс), 2017 жылмен салыстырғанда 8 процентке көбейген.

– 2017 жылы ҚР Қылмыстық-процес­тік кодексіне қылмыстық сот ісін қағаз және электронды түрде жүргізуге мүмкіндік беретін «Қыл­мыстық сот ісін жүргізу» бабы ен­гізілді. Осыған сәйкес, былтыр 138 электрондық қылмыстық іс тіркелді. Өткен жылдың 12 айында өндірістен аяқталған 760 істен 580 адам сотты болды, 10 адамға сот үкімі қабылданды, ал 205 адам жөнінде қаулымен өндірістен тоқтатылды, оның 46 ісі медиация тәртібімен қаралды, – деді сот төрағасы Айбек Әбу.

Қылмыстық істермен жаза та­ғайындау бойынша 580 адамның 96-сы бас бостандығынан айырылды, 85 адамға айыппұл жазасы тағайындалды, ал 86 адам қоғамдық жұмыстарға тартылса, 257 адамға бас бостандығын шектеу жазасы, 45 адамға шартты сынақ мерзімі берілді. Сонымен қатар 14 әйел адамның жазасын өтеуі кейінге қалдырылды, 11 адамға рақымшылық заңы қолданылып, жазасын өтеуден босатылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша мемлекет пайдасына 49724250 теңге өндірілді. Айта кету керек, өткен жылы есірткі затын сақтау және ұрлық, тонау, алаяқтық, бұзақылық сынды қылмыс көп тіркелген.

Ш.Алтынбекқызы.

БИЛІК 21 қаңтар 2019 г. 2 461 0