VІІ АСТАНА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМЫ

Мемлекет басшысы VІІ Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік ІІ конференция аясында БҰҰ өкілдерімен кездесті

Президентпен кездесуге БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Гьян Ачария, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің президенті Мартин Сайдик, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Бас хатшысының Шығыс Тимор жөніндегі арнаулы кеңесшісі Ноэлин Хейзер және БҰҰ сауда және даму жөніндегі конференциясының Бас хатшысы Мукиса Китуи қатысты.

Мемлекет басшысы БҰҰ өкілдеріне Форум жұмысына қатысқаны үшін алғыс айтты, сондай-ақ тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Ұйымның барлық бағыттағы қызметін белсене қолдап келе жатқанына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз Алматыда БҰҰ-ның өңірлік хабын құруды ұсынғандығына да тоқталып өтті.

– Бүгінде Алматыда БҰҰ ұйымдарының, бағдарламаларының, қорлары мен мамандандырылған мекемелерінің 18 өкілдігі қызмет істейді. Осы хаб арқылы біз өңірлермен, әсіресе Ауғанстанмен жұмыс жүргізе алар едік, – деді Мемлекет басшысы.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Г.Ачария өз кезегінде Ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мунның VІІ Астана экономикалық форумына табыс тілеген сәлемін жеткізді. Сондай-ақ БҰҰ жүйесіндегі түрлі бастамалар мен идеяларды Қазақстанның белсене қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Ислам даму банкі тобы арасындағы серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қою рәсіміне қатысты.

Осы рәсімнен кейін Қазақстан Президентіне Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығының 2013 жылғы «Әлеуметтік бизнес-диалогты нығайтуға үлес» номинациясындағы сыйлығы тапсырылды. Сыйлықты Еуропа Парламентінің мүшесі Марио Давид және Болгарияның экс-президенті Петр Стоянов табыс етті.
БИЛІК 24 мамыр 2014 г. 1 099 0