ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ

дәйекті қадамдардың игі жемісі 

Өткен сәуір айының соңғы күндері Қазақстан Президенті Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық кеңістіктің негізінде жүзеге асырылатын интеграциялық үдерістер жөнінде дәріс оқыды. Ертеңіне Қазақстан Президенті Беларусь және Ресей мемлекеттері басшыларымен Кеден одағы негізінде құрылатын Біртұтас экономикалық кеңістік аясында бүгінгі күнге дейін жүргізілген интеграциялық үдерістердің жай-күйі мен перспективалары туралы мәселелерді талқылаған Минск мәжілісіне қатысты.

Минскіде Одақтың келелі мәсе­ле­лері талқыланды. Қазақстан Прези­денті Н.Назарбаев "Отырыстың күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасы. Біз бүгінде шарт­тың қол қойылуының алдында тұрмыз. Жалпы алғанда, көп жол­дың жартысын артқа тастадық, ал сарапшылар жақсы жұмыс атқар­ды, соның нәтижесінде біздің Ода­ғы­мызға өзге де серіктестеріміз қызы­ғушылық таныта бастады. Мен бұл орайда, егер, біздің Еуразиялық эко­но­микалық одаққа мүше болғысы ке­летін елдер болса, олар әу бастан келіскеніміздей, біз жүріп өткен жол­мен жүріп өтуі тиіс деген пікірмен келісемін. 2014 жылы еуразиялық ин­теграция идеясына 20 жыл болды. Бұл туралы мен кеше Мәскеу уни­верситетінде дәріс оқыдым. Бұл шараға Қазақстан мен Ресей тара­пы­нан ғалымдар, саясаткерлер, саясат­танушылар қатысты. Бұл кездесуде алдағы 15-20 жылда Еуразиялық эко­номикалық одақтың тағдырын қалай көретінімізге байланысты пі­кір алмастық. Бұл стратегияда біз ба­сымдыққа ие бағыттар жайын зер­делеуіміз, саралауымыз қажет, – деді ол.

Назарбаев Еуразиялық эко­но­мика­лық одақ туралы жобаның мән-жайына тоқталды. "Бұл орайда, біз осы жобаның әзірленуінің басы-қасында жүрген сарапшылармен, әріп­тестерімізбен бір үстел басында отырып, түрлі келіспеушіліктерді жан-жақты талқылауымыз керек. Қазіргі таңда бұл мәселеге біздің өз елдеріміздің халқы ғана емес, шетелдік қауым­дас­тық та айрықша назар аударып отыр. Сондықтан, біз­дің елдеріміздің мүдделерін көз­дейтін барлық құқық­тық аспек­тілерді қарап, оларды орын­дауы­мыз қажет. Мен өткен аптада Вик­тор Христенкомен кездестім. Ол өз кезегінде Одақ туралы шарт­тың әзірлену барысы жөнінде баян­дап берді. Мен осы орайда, көп жұмыстың атқарылғандығын атап өткім келеді. Әрине, кейбір өте нә­­зік мәселелер бойынша өтпе­лі кезеңдер қарастырылған. Бұл рет­­те біз мынаны ескергеніміз жөн. Бұл мәселелердің барлығын біз Кеден одағын құру кезінде, Еура­зиялық экономикалық кеңістік қа­лып­тастыру кезінде талқылаған бо­ла­­тынбыз. Әрине, комиссия құра­мындағы біздің әріптес-сарапшылар өзара келісілмеген мәселелерді біздің саралауымызға қалдырыпты. Сондықтан, біз бүгін ол мәселелердің әр бөлімін талқылап, бұдан әрі не істейтінімізді шешкеніміз жөн. Мен асығыс шешім қабылдауға қарс­ы­мын, бірақ, алдын ала келісілген уақытқа үлгереміз, ол үшін түйткілді мәселелердің түйінін тарқатамыз деген сенімім бар. Біз бұрын да консенсусқа келіп жүрдік, алдағы уақытта да бір келісімге келеміз деп ойлаймын. Менің ойымша, бүгінде күн тәртібінде тұрған түйткілді дүние­лердің өз шешімі бар. Қазір, менің ойымша, 3-4 мәселе ғана күн тәртібінде тұр. Олардың барлығын әр бөлім бойынша сарапшылармен бірлесе қарастырамыз деп ойлай­мын», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы маңызды басқосуда Ресей Президенті Владимир Путин соңғы жылдар ішінде ғана емес, соңғы айлар мен апталар ішінде үлкен ауқымдағы жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек етті. «Бір сөзбен айтқанда, пост­кеңестік кеңістіктегі жетекші интеграциялық бірлестік бойынша үлкен жұмыстар атқарылды деп айтуға болады. Бұл орайда, біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өзіміздің алғысымызды білдіруіміз қажет. Себебі, ол осындай бірлестіктің, осынау идеяның негізін қалаушы және авторы. Ал күні кеше ғана оның Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінде өте маңызды баяндама жасауы, ал ол баяндамада бұл идея­ны алдағы уақытта одан әрі дамыту мәселесінің қаралуы аталған мәселеге Қазақстанның салмақты, байыпты түрде келіп отырғанын байқатады. Шындығына келгенде, біз құрған Кеден одағы бүгінде жұмыс істеп, өз нәтижесін беруде. Мұны біз елдеріміздің экономикаларынан көріп отырмыз. Бұл – факт. Бірақ, біз тағы бір қадам жасай аламыз. Бұл біздің өзара әріптестігімізді одан әрі тереңдетуге бағытталған қа­дам болуы тиіс. Сол арқылы өза­ра ынтымақтастығымызды жа­ңа, жоғары деңгейге жеткізуге мүм­кін­дік алатын боламыз. Соңғы уақыт­та сарапшылар деңгейінде, үкі­мет­­тік деңгейде үлкен жұмыстар атқарылды. Жақында ғана үкімет басшылары кездесіп, күн тәртібінде тұрған мәселелерді сараптамадан өткізді. Бұл ретте олардың да жұмыстарын атап өтуге болады, деді Ресей Президенті.

ЖЕЭК-тің шағын құрамдағы оты­рысы одан әрі кеңейтілген құрамда жалғасты. Бұл отырыста екі мәселе қаралды. Олардың бірі – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасының әзірлену барысы туралы болса, екінші мәселе – Арменияның Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Кеден одағына және Біртұтас экономикалық кеңістікке кіруіне қатысты «Жол картасы» іс-шаралар жоспарының орындалу және жүзеге асырылу барысы жөнінде өрбіді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко баяндап берді. Ол өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасын әзірлеу барысында бірқатар мәселелердің нақтыланғанын, сон­дай-ақ, жаңа мәселелердің күн тәр­тібіне шыққанын атап өтті.

Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары шартты дайындауда ілгері­леушілік барын айтты, сондай-ақ, оны әзірлеуге іскер топтардың белсене қатысқанын атап өтті.

Жоғары Еуразиялық экономика­лық кеңес отырысының соңында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Хрис­тенко журналистер алдына шығып, мемлекет басшылары деңгейіндегі отырыс аясында қол жеткізілген мәселелер жөнінде баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі тетіктері бойынша жұмыстар атқарылған, ал күн тәртібінде тұрған кейбір түйткілді дүниелердің түйінін тарқатуға тапсырма жүктелген. Жо­ғары Еуразиялық экономикалық ке­­ңестің мемлекет басшылары дең­гейіндегі кезекті отырысы мамыр айының 29-ы күні Астанада өтеді деп белгіленді.

Аралық кездесулердегі Одаққа мүше елдердің арасындағы келіспеу­шіліктер бір арнаға тоғысады деген сарапшылар пікіріне қатысты мәселе­ге соңғы нүкте қоятын мезгіл таянған сыңайлы. Мамырдың соңғы күндері Астанада өтетін кезекті отырыс көп­теген сауалдарға жауап беретін болады.

Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.
БИЛІК 22 мамыр 2014 г. 1 167 0