Бастама –халық игілігі

 Кеше Елбасы Қазақстандағы роботталған хирургияның халықаралық референстік және оқыту орталығына барды.

Мемлекет басшысы негізгі міндеті роботталған хирургияны құру, дамыту және оны практикалық медицина саласына енгізу болып саналатын орталықтың жұмысымен таныс­ты.

Нұрсұлтан Назарбаев ме­ди­­­ци­нада инновациялық ше­­­­­шім­дер­ді қолданудың маңыз­ды­лығына тоқталып, ро­бот­­талған хирургия орта­лы­ғында жасалатын оталардың бү­кіл өңір үшін бірегейлігін атап өтті.

– Мұндай үлкен бастама халқымыздың игілігіне ба­ғытталған. Медицина саласын роботтандыру маман­да­рымыздың біліктілігін арт­тыруға септігін тигізеді. Осын­дай орталықтың ашылуы – отандық денсаулық сақтау саласындағы маңызды оқиға. Бұл көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы орталықта ем қабыл­даушылармен әңгіме­лесіп, Прези­денттің Іс басқар­масы Медицина орталығының жалпы жұмысы және оны дамыту перспективалары жөнінде мәлімет алды.

Қазақстан Республикасының Тұң­­ғыш Президенті қорының қол­дауымен құрылған робот­талған хирургия орталығы ме­дицина мамандарын даярлап, олардың біліктілігін арт­тыруды қамтамасыз ете­тін болады. Сондай-ақ клиникалық сынақтар өткізіп, әлемдік деңгейдегі зама­науи роботталған технологияларды қолдана отырып, ғылыми әзірлемелер дайындайды.

БИЛІК 15 қараша 2018 г. 3 497 0