« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Аймақтың қоршаған орта жағдайын жақсарту бағытында Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығымен бірге кешенді шаралар жүзеге асырылады. Бұл жөнінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық еткен жиында айтылды.
Қазіргі күні елімізде 20 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар болса, соның 8 процентінің жұмысы қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» технологияларды дамытуға негізделген. Қызылорда облысы бойынша осы сияқты 7 ұйым тіркелген.
– Мемлекет басшысының тарихи шешімдерінің арқасында Қазақстанда «жасыл» экономиканы іске асыруға бағытталған бірқатар бастамаға жол ашылды. Оларды орындау бизнес пен ғылымның күшін біріктіруді, мемлекет пен халықаралық ұйымдардың жүйелі қарым-қатынас құруын талап етеді. Үкіметтік емес ұйымдарға сала бойынша үлкен жауапкершілік артылған, – деді облыс әкімі.
Қазақстан экологиялық ұйымдарының қауымдастығы атқарып жатқан шаралар туралы қауымдастықтың басқарма төрайымы Айгүл Соловьева айтып берді. Аталған ұйым негізінен экологиялық бастамалар құру, халықаралық серіктестікті дамыту, инвестиция тарту, халықаралық жобалар мен бағдарламаларға қатысу, «жасыл» технологияларды қолданысқа енгізу, қалалардағы экологиялық инфрақұрылымдарды дамыту, экологиялық заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелермен айналысады.
– Қоршаған ортаның адам денсаулығына ықпалы зор. Мысалы, Астана қаласы бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесінде табиғаттың ластануы салдарынан ауру-сырқау көрсеткіші 42 процентке артқаны анықталды. Осы сияқты жұмыс Қызылорда облысында да жүргізіледі. Тиісінше жағдайды жақсарту бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылады, – деді А.Соловьева.
Аймақ бойынша соңғы жылы жинақталған 145 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтың 6,5 тоннасы өңделген. Қайта өңдеу үлесі 2017 жылы 2,93 процентті құрады. Осындай статистика келтірген облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев бұл тоқмейілситін көрсеткіш емес екенін қаперге салды.
– 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының мақсатты индикаторы ретінде қатты тұрмыстық қалдықты кәдеге жарату үлесін 2019 жылы 7,08 проценттен 2020 жылы 9,1 процентке арттыру көзделген. Ауаны ластау көздерінің және негізгі көлемінің бірі автокөлік құралдары екені белгілі. 2009 жылы тіркелген көлік саны 89 900 болса, олардан шыққан ауа ластағыш заттар көлемі 82 мың тоннаны құраған еді. 2017 жылы 143 750 көлік есепке алынып, 2009 жылға қарағанда 23 800 бірлікке көбейді, – деді сала жетекшісі.
Сәйкесінше олардан шығатын зиянды заттар көлемі 21 мың тоннаға азайды. Осы орайда газбен жүретін автокөліктер саны 2015 жылы 2 725 болса, 2017 жылы 9 300-ге, яғни 6,5 мың бірлікке көбейді.
Жиын барысында қоршаған ортаны қорғаудың кешенді шаралар жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыс барысымен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Әбдуәлиев таныстырды. Жоспар сегіз блоктан тұрады. Әрқайсысында іс-шаралар мен қаржыландыру тетіктері нақтыланған. Кешенді жоспар жобалық-сметалық құжаттар мен техникалық-экономикалық негіздеме нәтижесіне байланысты жүзеге асырылады.
– Мысалы, үшінші блок «Жасыл» белдеуді дамыту, көгалдандыру және абаттандыру» деп аталады. Ол санитарлық қорғау аймағы мен өнеркәсіптік кәсіпорындар аумағын көгалдандыру, Қызылорда қаласының айналасында жасыл белдеу құру, Арал ауданының Ақеспе, Шижаға, Сазды, Қосаман, Сексеуіл ауылдық округтерінде ағаш отырғызу арқылы құмның таралуына қарсы тұру шараларын қамтиды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 80 миллион теңге қажет, – деді А.Әбдуәлиев.
Жиын қорытындысында облыс әкімдігі мен Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылдап, Сыр өңірінің экологиясын сауықтыру бойынша кешенді шаралар жоспарын бекітті. Меморандум аясында тараптар бірқатар мәселені шешуге міндеттелді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |