Қазақстан Президенті Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алтыншы саммитіне қатысу үшін Шолпан-Ата қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Мемлекет басшысы III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Ертесінде Түркі елдері ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті өтеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына басқа мемлекеттердің басшылары да шақырылды. Олардың ішінде Түркия басшысы Реджеп Тайып Ердоған, Әзірбайжан президенті Ильxам Әлиев, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев, Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан және тағы басқа жоғары мәртебелі қонақтар бар. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев олармен екіжақты кездесулер өткізеді.
III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылу салтанаты кешқұрым Чолпон-атаның ипподромында өтеді. Ал келесі ойындар екі жылдан кейін Түркияда ұйымдастырылады. Бұрын аталған спорт додасы тек Қырғызстан жерінде ғана өткізіледі деген шешім болған.
Осы жолғы Көшпенділер Олимпиадасы Түркітілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті қарсаңында өтіп отыр. Саммит ертең, 3 қыркүйекте басталады. Тақырыбы - «Жастар саясаты және ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастық».
Саммит кезінде Қазақстан Түркі кеңесінің төрағалығын Қырғызстанға тапсырады. Ал xатшылықтың басшылығына Қазақстанның өкілі тағайындалады. Бұдан бөлек, бірқатар құжаттарға қол қойылады деген жоспар бар. Соның ішінде Түркі академиясы мен Түркі мәдениетінің кеңесіне қатысты құжаттар бар.
Айта кетейік, Түркі кеңесінің негізгі мақсаты - түркі тектес халықтар арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамыту, рухани байланыстарды жаңғырту. Аталған ұйым Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Кеңестің алғашқы саммиті 2011 жылы Алматы қаласында өтті. Содан бері Бішкек, Габала, Бодрум мен Астанада төрт саммит ұйымдастырылды. Енді, кезек Қырғызстанға тиіп отыр. Бүгінде кеңеске қарасты төрт ұйым бар. Олар - Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту (TÚRKSOY) халықаралық ұйымы, Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (TÚRKPA), Түркі академиясы xалықаралық академиясы ( TWESCO) және Түркі мәдениетінің қоры.
Бұдан бөлек, Түркі кеңесінің аясында Іскерлік кеңес жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты - шағын және орта бизнес саласында ынтымақтастықты нығайту, жалпы инвестициялық климатты жақсарту.