Жансейіт Түймебаев Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды

  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Жансейіт Түймебаев Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарланды.

Ж.Қ.Түймебаевты Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындау туралы 

Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Түркістан облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылсын.

 

Қазақстан Республикасының

            Президенті                                           Н.Назарбаев

 

Астана, Ақорда, 2018 жылғы 20 маусым

 

№703

***

Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген, филология ғылымының кандидаты, профессор.  Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің зан факультетін бітірген. 1980-1993 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы, доцент. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, бөлім бастығы. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті протокол қызметінің бас сарапшысы, Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы, 1999-2006 жылдары - ҚР Президенті протоколының жетекшісі, 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті протоколының жетекшісі - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі, 2007-2010 жылдары Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2010-2016 жылдары Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарды. 2016 жылғы 6 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған болатын. "Қазақ тілінің тарихи грамматикасы", "Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы", "Қазақ тілі", "Қазақ тілі: Грамматикалық анықтамалық", т.б. кітаптардың авторы. "Құрмет" орденімен, медальдармен марапатталған.

БИЛІК 21 маусым 2018 г. 1 325 0