Асқар Мамин жаңа қызметке тағайындалды

ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин QazaqGeography қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының төрағасы болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 Мұндай шешім республикалық QazaqGeography қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс өткен құрылтайында қабылданды. Құрылтай жұмысына QazaqGeography Қамқоршылық және Басқару кеңесінің және QazaqGeography белсенді мүшелері қатысты. "Құрылтайда ұйымдастырушылық, әсіресе жаңа лауазымды - QazaqGeography төрағасын енгізу мәселелері талқыланды. Дауыс берудің нәтижесінде Мамин Асқар Ұзақбайұлы сайланды. Сонымен қатар, Төраға туралы ереже бекітіліп, QazaqGeography Жарғысына тиісті түзетулер енгізілді. Құрылтай шеңберінде кеңес өткізіліп, ол QazaqGeography ұйымын дамытудағы өзекті мәселелерге арналды", - делінген хабарламада. 
QazaqGeography қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы республикалық қоғамдық бірлестігі 2013 жылы қазанда QazaqGeography Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің бастамасымен және қолдауымен құрылған, ұйым бес бағыт бойынша жұмыс істейді: география, климат; қоршаған орта, табиғи ресурстар; биоалуантүрлілік; туризм, саяхат, өлкетану; тарихи-мәдени мұра, этнография. Қазіргі таңда мына өңірлерде 11 өкілеттік ашық: Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары. 
БИЛІК 19 мамыр 2018 г. 1 039 0