Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Түркия президентімен кездесті

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Түркияға жасаған ресми сапары барысында осы елдің мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоғанның қабылдауында болды.

Екіжақты кездесуде сыртқы істер ведомство жетекшісі Түркия президентіне Елбасының сәлемі мен игі тілектерін жеткізді. Өз сөзінде Тайып ЕрдоғанҚазақстан көшбасшысының алдағы уақытта түрік еліне жоспарланған сапары аясында бірқатар экономикалық келісімшартқа қол қойылатынын атап өтті. Тараптар көлік, ауылшаруашылығы, кіші және орта бизнес пен туризм салаларында ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге ниет танытып отыр.
Басқосуда халықаралық және аймақтағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Қос мемлекет Шам еліндегі шиеленісті шешуде Астана процесінің рөлін бірауыздан жоғары бағалайтынын айтып, бұл бағыттағы келелі келіссөз жалғаса береді деп сендірді.

Сондай-ақ, Қайрат Әбдірахманов Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы Исмайыл Кахраманмен де кездесті. Отырыста тараптар парламентаралық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады. Сыртқы істер министрі Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына және еліміздің халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін түрік үкіметі мен мәжіліс төрағасына алғысын білдірді.


Дереккөз: BAQ.KZ
БИЛІК 20 сәуір 2018 г. 791 0