Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудың жол картасы әзірленеді

Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудың жол картасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 «Елбасының әлеуметтік бастамалары барша қазақстандықтар үшін аса маңызды. Сондықтан біз оны іске асыруға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Мүдделі мемлекеттік органдарға Парламент қарауына енгізу үшін қажетті заңнамалық өзгерістерді наурыз айының соңына дейін әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмыс Парламенттің жазғы сессиясы аясында аяқталуы тиіс. Парламент бізден бұл заң жобаларын күтіп отыр», - деді Премьер-Министр. Осы ретте Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға жауапты барлық мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
«Сол себепті Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және  Ұлттық банкпен бірлесіп, бір апта ішінде бес бастаманы іске асыру механизмдері мен мерзімдерін және жауапты орындаушыларын көрсете отырып, нақты жол картасын әзірлесін. Келесі Үкіметтің отырысында, яғни, 13 наурызда өз бағыттары бойынша жауапты азаматтарды тыңдайтын боламыз», -  деген Үкімет басшысы алға қойылған міндеттерді орындауға бірден көшу қажеттігін баса айтты.


БИЛІК 06 наурыз 2018 г. 901 0