МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиевпен, «Петро­Қазақстан Инк» компаниялар тобының президенті Фан Цзячунмен кездесті. 

Кездесуде компаниялардың өткен жылғы қорытындылары сөз болып, алдағы жоспарлар мен өңірдегі мұнай өндіру саласындағы өзекті мәселелер таразыланды. Бүгінгі уақыт талабына орай шикізат индустриясын, оның ішінде табиғат ресурстарын басқаруды қайта қарау қажеттігі айтылды.

Осы бағытта облыс әкімдігі компанияларға бірнеше ұсыныс жасап отыр. Мысалы, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-дағы  жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту мәселесін қайта қараған жөн. Соңғы жылдары көмірсутегі шикізатының әлемдік рыноктағы бағасының құлдырауына байланысты салада өндірісті ұйымдастыру   шығындарын біршама ықшамдағаны белгілі. Осындай жағдайда жергілікті билік талабына орай өнім көлемі азайғанымен, жұмысшыларды қысқартпауға барынша мән берілді.  Бірақ, қазіргі инфля­циялық үдерістер «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жұмысшыларының жалақысын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.

Кездесу қорытындысында «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев пен «ПетроҚазақстан Инк» компаниялар тобының президенті Фан Цзячун жергілікті биліктің ұсыныстары жете зерттеліп, ай соңына дейін тиімді шешімі табылатынын жеткізді.

«СБ» ақпарат. 

БИЛІК 19 ақпан 2018 г. 1 170 0