БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА 5 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Өткен сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнестің  жол картасы - 2020» бағдарламасының өткен жылы іске асырылу барысы талқыланды.
Селекторлық режимде өткен үкімет отырысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. 
Басқосуда күн тәртібіндегі мәселе бойынша ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев хабарлама жасады. Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан экономикасындағы әрбір жаңа бесінші жұмыс орны «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында құрылған.  «2010 жылдан 2013 жылға дейінгі аралықта бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 132,1 млрд. теңге, оның ішінде өткен жылы 53,3 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күні бағдарлама аясында барлық қолдау шараларымен 77763 кәсіпкер қамтылса, шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 229 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күні экономикадағы әрбір жаңа 5 жұмыс орны бағдарлама аясында құрылды»,– деді Болат Жәмішев. 
Оның айтуынша, бағдарлама бойынша берілген несиелердің үлесі шағын және орта бизнеске берілген барлық несиелердің 11,5 пайызын құрайды. Сонымен бірге, осы бағдарлама аясында Индустрияландыру картасына кірген жобалар да қолдауға ие болып отыр. Нақты айтқанда, аталған картаның әрбір 4 жобасы бағдарлама арқасында қаржылай қолдау алған. 
«Бағдарламаға қатысушылар 728,3 млрд. теңге шамасында өнім шығарды. Бір қатысушыға орташа 202 млн. теңге кредиттік қаражат келеді. Сонымен бірге, ол 784 млн. теңгеге өнім шығарды және 43 млн. теңге салық төлейді. Бір қатысушыда орташа есеппен 86 адам шамамен 70 мың теңге жалақыға жұмыс істейді және еңбек өнімділігі 57 мың АҚШ долларын құрайды,– дейді министр. 
Сондай-ақ, министр «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының сервистік қолдау бағыты Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілетінін айтты. «Ағымдағы жылдан бастап сервистік қолдауды Ұлттық кәсіпкерлер палатасына беру жоспарланып отыр. Тиісті қаулының жобасы мемлекеттік органдармен келісілген. Оны келесі Үкімет отырысында қабылдауыңызды сұраймыз»,– деді Болат Жәмішев Үкімет басшысы Серік Ахметовке қарата.  Сонымен қатар, министр бағдарламаға енгізілген кезекті өзгертулердің жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдарға енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған өзгертулер аясында қазіргі уақытта бірнеше бағдарлама төңірегінде шоғырланған кәсіпкерлікті қолдаудың барлық тетіктерін ықпалдастыру қарастырылады. 
Селекторлық режимде өткен мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында аймақта  атқарылған істерді баяндап берді. 
Аймақ басшысы хабарламасында 176 жобаға 12,3 млрд. теңге субсидия төленгенін мәлімдеді. «Мемлекеттің қолдауының арқасында аймақта 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы бағдарламаның игілігін шалғайдағы ауыл тұрғындары да көруін қамтамасыз еттік.  2013 жылы субсидия мен гранттық  қаржы негізінде республикалық бюджеттен 469,6 миллион теңге бөлінген. Қаржыны толықтай игердік. Ал өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 999 миллион қаржы алдық. Қазір 4 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды»,– деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. 
Жалпы, аталған бағдарлама өңірдің өсуіне серпін беруде. Аймақ басшысының айтуынша,  облыс орталығында индустриалды аймаққа орын белгіленіп, инфрақұрылым тартылып жатыр. Бұл екі тарапқа тиімді болмақ. Бизнес өкілдері кәсібін дамыту үшін арнайы орын іздеп жатпайды. Мұндай жағдай жасалған соң инвестиция көлемі артатыны айқын. 
Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Серік Ахметов атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізді. Алайда, қарқынды бәсеңдетпей, бағдарлама бойынша екінші бес жылдықтың жұмысын жүйелеу қажеттігін айтты.  Сондай-ақ, бағдарлама аясында қаражат  100 пайызға игерілуі тиіс екенін тапсырды.  «Өңірлік даму министрлігі бағдарламаны іске асыру сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыруы  қажет. Атап айтқанда, осы бағдарлама бойынша қаражат 100 пайызға игерілуі тиіс. Сонымен қатар министрлік ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының екінші бес жылдығын қалыптастыруды ескере отырып, бағдарламаны бұдан әрі қарай өзектендіру бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет»,– деді Премьер-министр.  Сондай-ақ, Үкімет басшысы «Даму» қорына өңірлерде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының атқарған жұмыстарына нақты мониторинг жүргізуді тапсырды. 

Айнұр БАТТАЛОВА.
БИЛІК 06 наурыз 2014 г. 1 082 0