Жаңақорған: САН САЛАДА СЕРПІН БАР

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Жаңақорған, Шиелі аудандарында болды. Сапар барысында аймақ басшысы бірқатар нысандарды аралап, аудан әкімдерінің есеп беру жиынына қатысты.

Облыс басшысы алдымен Жаңа­қорғандағы 250 келушіге арналған  ау­дан­­дық емхананың жұмысымен танысты.

Заманауи талаппен салынған 3 қабатты емдеу мекемесі аудан халқының игілігіне айналған. Соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған емханада  617 адам жұмыс жасайды.

Мұнан соң Жаңақорған ауданының әкімі  Ғалым Әміреевтің халық алдындағы есепті кездесуі болды.

Есеп беру жиынына облыс әкімі, басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты. Есепті кездесуде Елбасының стратегиялық бағдарламалары Сыр өңірінде тиімді жүзеге асырылып жатқаны сөз болды.

Аудан басшысы атап өткеніндей, 2017 жылдың 1 желтоқсанына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3338-ге жеткен. Өткен жылы ашылған «Агро-индустриялық аймақта» кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасалды. Биыл бес ауылдық округте осындай аймақ құру көзделген. Кәсіпкерлік саласында 9 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында да тиімді жұмыс жасалған. Аудандағы құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындар түрлі фракциялы қиыршықтас, құмды тас қоспасы, доломит, тағы да басқа құрылысқа қажетті заттарды шығарумен айналысады. Әктас өндіретін цех іске қосылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы бойында сервистік қызмет көрсететін 5 нысан іске қосылды. 

Жаңақорғанда индустриалды-иннова­циялық дамуға да ерекше көңіл бөлінген. Бұл ретте «Казатомпром» АҚ-ға қарайтын уран өндірісімен айналысатын «Қызылқұм», «Байкен-U», «СКЗ-U» ЖШС және қорғасын-мырыш өндіретін «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ сынды кәсіпорындарды атап өтуге болады. Индустриалды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында ауданда бірнеше инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарланған. «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ кенішті модернизациялау және кен байыту фабрикасын салу жұмыстарын бастайды. Мұнан өзге «Премиум Класс-Строй» ЖШС-ның жылдық қуаты 30 мың тонна әк шығаратын зауытының жобасы да назарда тұр. Бұдан бөлек «БК Қызылордацемент» ЖШС жылына 560 мың тонна цемент өндіретін зауыт құрылысын жоспарласа, «Қызылорда AGROPlus» ЖШС жылына 12 мың 750 тонна томат пастасын шығаратын зауыт құрылысын жүргізбек.

 Ауылшаруашылық саласында да ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Өткен жылы 9967 гектар алқапқа күріш егілді. Қамбаға 48000 тоннадан астам Сыр салысы жиналды. Бұл ауданда мемлекеттік бағдарламалармен де жұмыс жасау бір ізге түскен. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 744 сиыр, 26 асылтұқымды бұқа сатып алынған. Сондай-ақ, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 572 қой, 65 қошқар алынды. «Құлан» бағдарламасы арқылы 75 бас аналық жылқы және 5 айғыр алынған. Мұндай табысты жұмыс құрылыс саласында да байқалады. Облыс аудандары арасында бірінші болып көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бұдан бөлек өткен жылы 6 мектептің құрылысы жүргізілді. Оның екеуі пайдалануға берілсе, төртеуі биыл іске қосылады деп күтілуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Аққұм, Еңбек елді мекенінде дәрігерлік бекет пайдалануға берілді. Аққорған ауылдық округінде денешынықтыру-сауықтыру кешені мен 140 орындық балабақшаның құрылысы жүруде. Екпінді, Қожамберді, Жаңарық ауылдарында әкімшілік ғимараттың құрылысына бөлінген қаржы толық игерілді. Бұл нысандар осы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жаңақорғанда облыстың өзге аудандарымен салыстырғанда жол мәселесі шешілген. Бірнеше жылдан бері өзекті болып келген «Самара-Шымкент-Аққұм» автомобиль жолының құрылыс жұмыстары аяқталды. Аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Шалқия» автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтуде. Жаңақорған әкімдігі туризмді дамытуға да ерекше мән беріп отыр. Бір атап өтерлігі, бұл ауданның экологиялық, емдік, спорттық және этномәдени бағытта туризмді дамытуға мүмкіндігі зор. Мұнда «Сығанақ» қаласы, атақты Алпамыс батырдың ғашығы Гүлбаршын сұлуға арналған ескерткіш, Төлек ата, Қылышты ата, Қорасан ата кесенелері секілді отандық және шетелдік туристерді қызықтыратын мекендер баршылық. Емдік туризм үшін «Жаңақорған» шипажайын ұсынуға болады. Ал, «Тау самалы» тынығу аймағы – демалыс уақытын жақсы өткізу үшін таптырмас орын.
Өткен жылы «Үздік аудан» атанған Жаңақорғанда өзге де салалар бойынша ілгерілеу бар. Аудан әкімі өз баяндамасында жетістіктермен қатар алдағы міндеттерді де мәлімдеді.

Мұнан кейін облыс әкімі Қ.Көшербаев Елбасы Жолдауындағы міндеттерге, сондай-ақ, Президентіміздің АҚШ-қа сапары турасында айтып өтті.

Шын мәнінде, Мемлекет басшысы АҚШ-қа ресми сапармен барып, сол елдің Президенті Дональд Трамппен кездескені әмбеге аян. Төрткүл дүниеге төрелік айтқан сәт пен әлемдік саяси-экономикалық мәселелерге қатысты пікір алмасулар маңызды әрі тарихи оқиға ретінде бағалануда. Дональд Трамп баспасөз конференциясында Нұрсұлтан Назарбаевты қабылдау АҚШ үшін үлкен құрмет екенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының беделі, тәуелсіз еліміздің саясаты мен позициясы әлемдік державалардың сеніміне ие болуға және шетелдік инвестицияларды тартуға өз септігін тигізді.

Ал осы өркендеп келетін мемлекетте Қызылорда облысы да қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Құрылыс екпіні, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту, ауыл шаруа­шылығы саласын ғылымға негіз­деу, тағысын тағы салалардағы батыл бетбұрыс өз нәтижесін беруде.

Облыс әкімі аймақтың соңғы бес жылдық даму динамикасына тоқталды. Осы жылдар ішінде кәсіпкерлік саласын қолдау 6 процентке өсіп, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасалды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау 42 процентке, күріш экспорты 45 процентке артты. Төрт түліктің ең көп болған кезеңі 1993 жылғыдан 43 процентке өсті. Былтыр соңғы төрт жылда дәстүрге айналған  рекордтық көрсеткішті сақтай отырып, 91 мың гектар күріштен тұңғыш рет облыс тарихында жарты миллион тоннадан астам Сыр салысы қамбаға құйылды. Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейін дамуының Агрокартасы әзірленді. 2017 жылы 84,6 мың тонна күріш сырт елдерге экспортталды. Күріш экспорты 2016 жылмен салыстырғанда 61,1 процентке, жалпы ауыл шаруа­шылығы өнімдерін экспорттау 60 про­центке артты. Нәтижелі жұмыстардың арқасында облысымыз буферлік аймақ­тан шығарылды. Өткен жылы тамыз айында Иран Ислам Республикасы және Біріккен Араб Әмірлігіне барлығы 2000 бас қозы экспортталды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында аймақта бірнеше мал бордақылайтын орын ашылады. Осы ретте облыс басшысы соның бірі Жаңақорғанда болатынын тілге тиек етті.

Соңғы 5 жылда Қызылорда қаласында 14 шағын аудан бой көтерді. Құрылыс көлемі 3,5 есе өссе, облыс орталығында 8 есеге дейін артты. Бұдан бөлек көптеген әлеуметтік нысандар салынды. Апатты жағдайдағы және үш ауысымдық мектептер жойылып, медициналық нысандар бой көтерді.

Облыс әкімі атап өткеніндей, жуырда Қа­зан қаласында болып, Қызылорда облы­­сының әкімдігі мен Татарстан Рес­пуб­ликасы арасында ақпараттық тех­­но­­логиялар, ауыл шаруашылығы, өн­­діріс, денсаулық сақтау және білім са­ласында тәжірибе алмасу мақсатында келіссөздер жүргізілді. Татарстан Рес­пуб­ликасы бүгінде ақпараттық және сан­дық технологиялар дәуірінде осы ба­ғыт бойынша тек ресейлік қана емес, пост­кеңестік елдер ішіндегі көшбасшы болып табылады. Мұнда ноу-хау жаңа­лықтардың көптігінен ІТ-мамандар дайын­дайтын Иннополис айрықша эко­но­микалық аймағы орналасқан. Бола­шақта Сыр жастары осында оқып, білім алуы үшін арнайы гранттар тағайындау көзделген. Ресейдің жетекші техникалық жо­ғары оқу орындарында сол елдің есе­­бінен 500-ге тарта қызыл­ордалық жас жаңа технология бойынша білім алу­да. Олар облыс экономикасына сан­­дық технологияны енгізуде ал­ғы шепте болары сөзсіз. Сондай-ақ, М.Ло­моносов атындағы Мәскеу мемле­кет­тік университеті биылдан бастап физика-ма­тематика және механика-ма­те­ма­тикалық мамандықтар бойынша Сыр бойының түлектеріне 20 грант бөліп отыр.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында талқыға түскен мәселелерді таразылай келе, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен әлеуметтік мәселелер оң шешімін табуы үшін адамдарды тұрақты жұмыспен қамту қажет екенін атап өтті. Қазіргі нарықтық қоғамда кәсіпкерлік сұранысқа ие. Сондықтан, аймақ басшысы биылғы жылды «Облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялауды жоспарлап, бұл бағытта 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылғанын, өз кезегінде Жаңақорған ауданының халқы да осы бастамаға белсенді атсалысуы қажет екенін жеткізді.

Есеп беру жиынында тұрғындар да ұсыныс-тілектерін айтты.

Қандөз ауылының тұрғыны О.Ысқақов Көктөбе, Қандөз елді мекендерінде жол мәселесі бар екенін жеткізді. Аймақ басшысы бұл жолдың жөнделетінін, ол үшін облыстық бюджеттен 200 млн теңге қаржы бөлінгенін назарға салды. Ал, Құттықожа ауылының тұрғыны С.Қалыбаев Шалқия кентіне баратын жолдың тозғанын айтқанда, облыс басшысы қазір Шалқиядағы кен орны жаңғыртылып, алдағы уақытта фабрика салынатынын мәлім етті. Сол себепті, бұл кентке баратын жолдың маңызы арта түспек. Оны жөндеу жұмыстары қолға алынады. Өз кезегінде Төменарық ауылының тұрғыны П.Өңдібаева «Ұлым Мәскеуде техникалық мамандық бойынша білім алуда. Көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қамқорлық жасап, олардың оқуына мүмкіндік туғызғаныңыз үшін сізге алғысым шексіз» деген ыстық ықыласын жеткізді. Бұл орайда облыс әкімі болашағынан үлкен үміт күттіретін жастарды жұмыспен қамту мәселесі де күн тәртібінен түспейтінін, тиісті басқарма жұмыс жасап отырғанын мәлім етті.

Жиында кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығына байланысты сұрақтар қойылып, Жаңақорған ауданының орталығынан мың адамдық мешіт салу мәселесі көтерілді. Көпшілік өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға көңілдері толатынын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Облыс әкімі есепті кездесуде көтерілген мәселелерге орай сол мезетте басқарма басшылары мен тиісті сала жетекшілеріне тапсырма беріп, әрбір ұсыныс-пікірге сай жұмыс жасалуы қажеттігін жеткізді.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

«Сыр бойы».

БИЛІК 27 қаңтар 2018 г. 1 349 0