Шиелі: ЖЕТІСТІКТІ ЕСЕЛЕУГЕ ЕЛ ЫНТАЛЫ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың оңтүстік аудандарға сапары кеше түстен кейін Шиеліде жалғасты.
Әуелі Жуантөбе ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аталған ауылдық округтің Алғабас елді мекенінде салынған спорттық-сауықтыру кешенінің жалпы құны – 42 млн теңге. Онда кіші футбол, волейбол, күрес, бокс жаттығу залдары орналасқан. Құрылыс жұмыстарын жергілікті кәсіпкер Ерболат Машрапин басқаратын «БЕТА и К» ЖШС жүргізді. Ауылдағы осы қуанышқа спорт саласының ардагері Орынбай Ахметұлы ықылас білдіріп, аймағымызда әлеуметтік салаға жасалып жатқан үлкен  қолдауға ризашылығын жеткізді.
Аймақ басшысы мұнан соң аудан орталығында іргетасы салынған орталық аурухананың алғашқы кірпішін қалау рәсіміне қатысты.
– Елбасы тапсырмасына орай Сыр өңірінде көптеген ауруханалар мен білім ордалары бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Бүгінгі іргетасы қалана бастаған аурухана расында шиеліліктердің көптен күткен әлеуметтік нысаны.  Құрылыстың сапалы да пайдалануға қолайлы етіліп берілуіне, әрине, тиянақты жұмыс пен үлкен жауапкершілік қажет. Біз солай боларына сенеміз, – деді облыс әкімі.
Жалпы бүгінде аудан бойынша 1 аудандық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 жалпы тәжірибелік бөлім, 19 дәрігерлік амбулатория, 14 медициналық бекет, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет қызмет көрсетеді.
Игілікті іске денсаулық саласының ардагері Ыбырай Ахметов пен ауданның Құрметті азаматы Киікбай Смайлұлы көптің атынан алғыс білдіріп,  бата берді.  
Мұнан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан әкімі Әшім Оразбекұлының халық алдындағы есеп беру жиынына қатысты.
Аудан әкімі 2017 жылдың табыс¬ты болғандығын жеткізді. Өткен жылы аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде жоспарланған 13 млрд 131 млн теңгенің орнына 13 млрд 237 млн теңгеге, оның ішінде, аудандық бюджеттің өз кірісі 1 млрд 685 млн теңгенің орнына 1 млрд 789 млн теңгеге немесе 106 процентке орындалған. Ал, аудандық бюджеттің шығысы 13 млрд 116 млн теңгеге немесе 99,9 процентке игерілген.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС жобалық құны 64 млрд теңгені құрайтын, жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығаратын зауытты биыл пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда зауыттың құрылыс жұмыстарында 380 адам жұмыс жасауда. Зауыт іске қосылғанда 260 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Аудан әкімі бизнесті қолдау мақсатында Шиелі кентінен индустриялық аймаққа 96 гектар жер бөлініп, 6 бизнес жобаға 62 гектар жер телімі табысталғандығын да баяндады.
 

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда бірқатар жобалар жүзеге асырылуда екен. Осы орайда жеке кәсіпкер С.Ермахановтың тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдейтін «АруАНА» шұбат цехының шығарған өнімі облыс, аудан көлемінде сұранысқа ие. Цехтың құрал-жабдықтарын қайта құрылымдап, тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтінен қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт өнімдерін нарыққа шығара бастауы үлгі боларлық іс.

Аудан әкімі осы және өзге де салалардағы атқарылған істер мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Есепті кездесуде облыс әкімі ел өміріндегі елеулі өзгерістер мен облыс, ауданның дамуына қатысты келелі мәселелерді сөз етті.

Президентіміздің биылғы Жолдауы­нан туындайтын міндеттерге тоқталды. Шындығында, ендігі басты мәселе – ақпараттандыру мен сандық технологияны жете меңгеру, яғни, маңызды құжаттағы 10 міндетті жүзеге асыру болмақ. Бұл еліміздің дамуымен қатар өңір дамуында игі әсерін көрсетеді. Тынысын кеңейтіп, тіршілігін нығайтады. Сондықтан Елбасы Жолдауындағы айтылған тапсырмаларды мұқият орындау құзырлы мекеме қызметкерлеріне ғана емес, жалпы халыққа қажет. Өйткені, уақыт кеңістігінде ақпарат алмасу дәрежесі өте жылдамдады. Жастар тұрмақ, үлкендерге де жаңа заман талаптарына сақадай сай  әзірлікте болу қажеттігі туып отыр. Демек, адами капиталдың сапалығы шешуші орын алмақ. Күрт өзгерістер кезінде басқаларды басып озуға талпыну – Елбасының бізге көрсетіп отырған жолы мен талабы.

Тұрғын үй салу бойынша облысымыз алдыңғы қатарда. Сондай-ақ, әлеуметтік салаға қамқорлық жасау барысында республикада бірінші орынға шықты. 500-ге жуық сырбойылық жастар Ресейдің жоғары оқу орындарында оқып жатса, «Серпін» бағдарламасының да мүмкіндіктері пайдаланылып отыр.

Облыс басшысы аудан әкімінің есепті баянда­масында өзекті мәселелердің қамтылғандығына тоқ­талып, Шиелі ауданына қатысты бірқатар жайттарды назарына ұсынды. Мәселен, аудан бюд­же­тінің соңғы жылдардағы үлесі 7 про­цент көлемінде ғана, яғни осы бағытта жан­ды жұмыстар ұйымдастырылуы қажет.

Ауыл шаруашылығы бойынша «Құлан» бағдарламасына ауданнан ешкім қатыстырылмаған.

– Бұл сала басшылығы мен ауыл әкімдерінің толыққанды жұмыс жүргізе алмауының белгісі. Ел сенім білдірген азаматтар ауылдастарына қамқорлық танытып, жаңа кәсіптің көзін ашу барысында демеу көрсетуі, ол үшін осындай қажеттіліктерді олардың өздері жақсы меңгеруі, білуі керек, – деді облыс әкімі.

Жұмыссыздық жайы да маңызды. Ендігі жерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бастамасына тың серпіліспен кірісу қажеттігі баса айтылды және тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берілді.

Есепті жиын соңында ауыл шаруа­шылығы саласының ардагері Пердәлі  Архабаев, аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер  Айткүл Әбдіқадырова және Мәскеу университетінің 4-курс студенті Сұлтанмұрат Бауыржанұлы өз пікірлерін айтып, жоғарыда айтылған талаптарды қолдайтындықтарын білдірді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

 Шиелі ауданы.

БИЛІК 27 қаңтар 2018 г. 1 030 0