Сырдария: ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫ АЙҚЫН ӨҢІР

Аудан әкімі Ғанибек Қазантаев есепті кездесуде ауданның тыныс-тіршілігімен бөлісіп, нақты атқарылып жатқан шараларды баяндады. 

Есепті кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысы А.Мұхимов, облыстық қаржы басқармасының басшысы Т.Жақыпбаев, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқа­рушы Қ.Нұрманов, облыс бойынша қоғам­дық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ә.Әбдіқайымова, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

«Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында егемендік жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Елдің дамуына айрықша мән берген Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдағы мақсат-міндеттерді айқындап берді. Бүгінде Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени салалары қарқынды даму үстінде. Қазыналы Сыр өңіріндегі оң жетістіктерде сырдариялықтардың да ынтымақ пен бірлікке негізделген қажырлы еңбегі мен ақ пейілі жатыр, –  деді аудан әкімі алғы сөзінде.

Сырдария ауданында ауыл шаруашы­лығының маңызы ерекше. Мал шаруашы­лығында етті және сүтті мал басын көбейту қолға алынған. Диқаншы қауым өткен жылды табысты қорытындылады. Егілген 20819 гектар күріш дақылынан 114565 тонна өнім жиналды. Жоғары өнімге қол жеткізген шаруашылықтар «ҚазАгроҚаржы» АҚ 1,5 млрд теңгеден аса қаржыға ауыл шаруашылығы техникаларын алған. Майда қожалықтарды біріктіру арқылы 39 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Бұлардың ішінде «50 ауыл» бағдарламасы  бойынша ауыл  шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Ақжарма Инвест» және «Ақжарма Ынтымақ» өндірістік кооперативі мүйізді ірі қара малының сүтті тұқымдарын көбейту бағытында, Жетікөл ауылынан «Жыңғылдыкөл» кооперативі ет өнімін өңдеу бағытында несие алып, мал ұстап, өрісін кеңейтуде. Мұнан бөлек, «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы Айдарлы, А.Тоқмағанбетов, Н.Ілиясов, Іңкәрдария, Жетікөл ауылдық  округінің 5 өндірістік кооператив 73 млн теңгеге 35 бас жылқы, 267 бас мүйізді ірі қара малын алып, күтіп бағуда. Мал басын көбейтуге мемлекеттік бағдарламалар зор ықпалын тигізуде. Осының нәтижесінде «Сыбаға» бағдарламасы 134 процентке, «Құлан» бағдар­ламасы 111 процентке артығымен орындалған. 

Өткен жылы 918 жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық 5,1 процентті құрады. Оның ішінде қайта даярлау курстарын оқып, өз нәпақасын тауып отырғандары қаншама. Білім беру, денсаулық, спорт, мәдениет салаларында жетістіктер арта түскен. 231 адам «Даму» бағдарламасымен шағын және орта кәсіпкерлікке оқытылып, кәсіппен айналысу да біршама ілгерілеген. Көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұ­мыс­­тары да тиісінше нәтижесін берді. Ел хал­қы­ның тұрғын үй қажеттілігін өтеу назардан тыс қалған емес. Өткен жылы 10 тұрғын үй пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы 3 қабатты бірнеше тұрғын үй салынып, 84 пәтер берілмек. Қазір инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. Бұл, ауданның үлкеюіне, көркеюіне өз үлесін қоспақ. Онымен қоса Үкіметтен 1 млрд теңге көгілдір отынмен қамтамасыз етуге бөлінеді деп күтілуде. Барлық салада ілгерілеушілік бар.

– Ауданда Тереңөзек кенті және 7 ауылдық округ әкімдерінің дербес бюджеті қабылданды. Олар Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Шаған, Ақжарма ауылы. Яғни, шығындардың 9 бағыты аудандық деңгейден ауылдық әкімдіктерге берілді. Олардың негізгілері әкім аппараттарын, мектепке дейінгі мекемелерді, елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, мәдени-демалыс жұмыстарын қолдау, мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету  шығындары. Ауыл әкімдерінде өз бюджетінің болуы үлкен жауапкершілік жүктейді. Олардың ендігі міндеті – салық салынатын базаны дамыту, бюд­жет қаражатын дұрыс жоспарлау және мақсатты игеру. Сондықтан, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мем­лекеттік сатып алу бөлімі ашылды. Бұл өз кезегінде барлық мемлекеттік меке­мелердің мемлекеттік сатып алуларын бір жерден үйлестіріп және ұйымдастыруды көздейді. Ал, ауыл бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың қазіргі таңдағы негізгі бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуды және қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді, – деді аудан басшысы.

Биыл Тереңөзек кентіне көгілдір отын келеді. Жуырда автоматты газ тарату станциясының құрылысы басталады. Аудан әкімі мұнан өзге де әлеуметтік-экономикалық, рухани, мәдени салаларға қатысты атқарылған жұмыспен алдағы міндеттерді атап өтті. Өз кезегінде тұрғындар да ұсыныс-пікірін білдірді.

Жетікөл ауылының тұрғыны Жарылқасын Камалов тұрғындар атынан алғысын білдірді. Өйткені, бір кездері шаруасы тұралап қалған елді мекеннің бүгінде тамырына қан жүгіріп, тіршілігі қайнаған ортаға айналған.

– Алғашқы кезекте Жетікөл, Аман­келді, Айдарлы ауылының жағдайын жақ­сартуға жұмыс жасадық. Шын мәнінде ешқандай тіршілігі қалмаған ауылдарда қазір жағдай тұрақты. Халықты жұмыс­пен қамту үшін кәсіпкерлікті қолдау жалғаса береді. Айдарлы ауылына былтыр 300 гектар жерге жүгері егіп, 3 жаңа комбайн алынды. Ауылдардың өсіп-өнуіне барынша жағдай жасайтын боламыз, –  деді аудан әкімі.

Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы ұсынысын білдірді. «Өткен жылы ауданда қыруар жұмыс атқарылды. Биылғы жыл да ерекше болмақ. Астанаға 20 жыл, Қызылорда қаласына 200 жыл, Сырдария ауданына 90 жыл. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер тарихын білмеу ұлт болашағының бұлыңғырлығына әкеледі», деген болатын. Әкімдіктің ұйымдастыруымен «Еңбек даңқы» музейі ашылды. Ендігі ұсынысым осындай жұмыс әрбір ауылда жүргізілсе, музей болмағанымен, арнайы зал мәдениет ошақтарының бір бүйірінен ашылса, келер ұрпақ тарихты біліп өсетін болады. Екінші ұсынысым, ауданда үкіметтік емес ұйым жұмыстары жақсы жолға қойылған. Ал, ауылдық жерде бұл жұмыс қалай жүргізіледі оны біз білмейміз. Сондықтан ауыл әкімдері өз қадағалауларына алып, бірлесіп жұмыс жүргізсе», деді.

Ақсақалдың сауалын аудан әкімі қол­дайтынын білдірді. «Аудан орта­лығында ашылған музейді 3 жыл жос­пар­ладық. Бұл келер ұрпақ үшін өте қажет дүние. Осындай музейді Шағаннан ашу жоспарда бар. «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Бердібек Қадіров қолдады. Алдағы уақытта ауыл әкімдерін «Достық үйімен» таныстырамыз. Олар өз ауылдарында осы секілді жұмыстарды ұйымдастыра білу керек», деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, білім, денсаулық саласын­дағы жетістіктер сөз болды.

– Жалпы, соңғы жылдары Сырдария ауданында үлкен ілгерілеушілік бар. Елбасы алдымыздағы нақты даму бағытымызды айқындап берді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтағы барлық жұмыстың нәтижелі орындалуын қатаң қадағалап отыр. Сондықтан бізге елдің өркендеу жолында аянбай еңбек ету ғана керек. Ал, биыл кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше басымдық берілетін болады, – деді Ғанибек Қонысбекұлы.

Жиынды қорытындылаған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқа­дамов атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жаңа жұмыс орындарын ашу, салық­тық базаны ұлғайту, саяси ахуалды тұрақтандыру мәселесінде аудан алдың­ғы орында тұр. Көңіл толып, көз тоятын жетістіктері мол. Жаңа ашылған «Еңбек даңқы» музейі, қоғамдық кеңес жұмысы өзгелерге үлгі боларлық орынды дүниелер. Елдің бірлігі мұнан да жақсы жетістіктерге жетелей береді деп сенемін, – деді өз сөзінде облыстық мәслихат хатшысы.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

БИЛІК 27 қаңтар 2018 г. 928 0