Елбасының Жолдауын Қазақстан халқы асыға күтеді. Өйткені, жеткен жетістіктерімізді екшелеп, алға қарай адымдау үшін жаңа жоспарлар құрылып, жаңа міндеттер жүктеледі.
Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауды газет бетінен оқып, елдің экономикасын әрі қарай дамытуға бағытталғанын түсіндік. Тіпті, жаһандануға бет алған ғылым мен технология заманында әлемдік көштен қалып қоймас үшін жаңа мақсаттар белгіленген. Әсіресе, цифрлы жүйені ендіру, адами капиталға мән беру сынды мәселелер көтерілген. Бұл өз кезегінде елдің әлеуетін арттыратын, болашағын жарқын ететін, «Қазақстан-2050» стратегиясында көзделген межелерге жеткізетін, болашаққа даңғыл жол салатын қадам болмақ.
Мемлекет басшысы «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп атап өтеді.
Сондай-ақ, Жолдауда 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі назарға алынған. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталғаны, оның 2021 жылы аяқталатыны да тілге тиек етілген.
Президентіміздің бұл бастамасы білім жүйесіне серпін берері сөзсіз. Жолдауда айтылған әрбір ойдың аста-рында үлкен мән жатыр. Барлық идея 100 нақты қадаммен ұштасып, елімізді дамыған мемлекеттердің көшіне қарай бастары айқын.
Гүлбану АЙДАРОВА,
№3 облыстық балаларды оңалту орталығының тәрбиешісі.