Дамудың жаңа кезеңі айқындалды

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын мұқият оқып шықтым. Елбасының әрбір сөзінен жалпақ жұрттың жағымды жаңалық күтетіні де рас. Бұл жолы да халықтың күткен сенімі ақталды деп есептеймін.
Елбасы дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытында алдымызда тұрған он міндетті жүзеге асыруымыз қажеттігін нақты айтты. Әсіресе, жаңа технологиялар саласында ел индустриясын қарқындату, ресурс потенциалының тиімділігін арттыру, қаржы секторын қайта өңдеу, жемқорлықпен күрес, адам капиталы сапасын күшейту бағытына ерекше тоқталды.
Осы ретте Мемлекет басшысы айтқан еңбек өтіліне сәйкес базалық зейнетақы мөлшерін 1,8 есе көбейту, жаңа бағдарламалар бойынша қайта оқыған мұғалімдер жалақысын 30-50 процентке арттыру мәселесі елдің көңілінен шықты. Бұл «Бейнеттің зейнеті тәтті» деген халық даналығының шынайы көрінісі десек, жарасымды. Сондай-ақ, жаңашыл көзқарастағы, дамыған озық технологияларды толық меңгерген, жаңа бағдарламаларды шәкірт санасына сіңірген мұғалімдердің жалақысын көбейту мәселесі ұстаздар қауымын риза еткені анық.
Ел арасында «Депутаттар – билік пен халық арасындағы көпір» деген ұғым бар. Мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы – оның ашықтығында.
Өткен жылы аудандық мәслихатта тиісті заңдылықтар мен аудан әкімінің ұсыныстарына сәйкес 4 кезекті, 6 кезектен тыс сессия өткізіліп, онда 77 шешім қабылданды. Аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері әрбір тоқсан сайын аудандық мәслихат депутаттарының сайлау алдындағы бағдарламаларының орындалуына талдау жасап отырады. Депутаттардың сайлауалды бағдарламаларында барлығы 154 талап көрсетілген. Оның ішінде Елбасы Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауға байланысты іс-шаралармен қатар, облыстық, аудандық бюджет қаржысы есебінен шешілетін мәселелер де бар.
Қорыта айтқанда, депутаттық корпус Елбасы тапсырмасынан туындайтын жұмыстардың жүзеге асуына ұйымшылдықпен атсалыса береді.

К.НАЗЫМБЕКОВ,
Қазалы аудандық мәслихат хатшысы.
БИЛІК 25 қаңтар 2018 г. 763 0