Қазақстанда мемқызметкерлер жалақысын төлеудің пилоттық жобасы іске асырылады

Елбасы жарияланған Қазақстан халқына кезекті «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында тиімді мемлекеттік басқаруға байланысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
«Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет. Осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек»,- деп атап өтілген Жолдауда.
Президенттің айтуынша, «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Олар үшін және энергия өндірушілер үшін инвестициялық бағдарламаларын ескеріп, негізделген тарифтерді белгілеу маңызды. Мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету қажет. Әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек. Босаған қаражатты мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге бағыттау қажет. Бұл орталықтағы және өңірлердегі мемлекеттік диспропорциясын қысқартады, сондай-ақ жұмыстың сипаты мен тиімділігі ескерілетін болады.
«Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, 2018 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда осы жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыруды тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жалпы алғанда, өңірлік саясат өңірлердің шығындарын теңестіруден жеке табыстарының өсімін ынталандыруға бағытталуға тиіс. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген.
2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді. Елбасы сондай-ақ Жолдауда салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілгендігін айтты. «Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді». Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс. Мемлекет пен компаниялар жаңа технологияларды енгізе отырып, өз ақпараттық жүйелері мен құрылғыларының берік қорғалуын қамтамасыз етуі керек.
«Бүгінде киберқауіпсіздік ұғымы тек ақпаратты ғана емес, сонымен қатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды басқару тетігін қорғау дегенді де білдіреді. Осы және өзге де шаралар Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көрініс табуға тиіс», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

БИЛІК 10 қаңтар 2018 г. 675 0