КЕЛЕШЕККЕ ҚАЖЕТ ҚАДАМ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасайтынымыз айтылған.

Бұл  жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылды. Ол  алдағы жылдарда гуманитарлық бағыттағы әр тілде жарық көрген әлемдегі 100 үздік оқулықты қазақ тіліне аудару ісін жүргізу ісімен айналысады. Қазір «Ұлттық аударма бюросы» еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық, Сүлейман Демирел атындағы, Нархоз университеттерінің, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының, Алматы менеджмент университетінің ғалымдары тобымен бірлесіп, оқулықтарды аудару ісін жүргізуде. Бұл парақшада «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылатын оқулықтардың электронды нұсқасы оқырман назарына ұсынылады. Тіпті, «kitap.kz» деп аталатын арнайы сайт жұмыс жасайды. Ғалымдар мен ізденушілер, жоғары оқу орындары студенттері, «кіші ғылым академиясының» талапты буыны, қызығушылық танытқан көпшілік оқырман осы парақша арқылы жобаның іске асу барысынан тікелей хабардар бола алады.

Мамандар 100 оқулықты аудару нәтижесінде ғылыми контент қоры көбейіп, қазақ тілінің ғылыми қоры халықаралық ғылыми лексикамен байытылады деген болжам жасауда. Бұл тілдің дамуына септігін тигізбек. Екіншіден, жоғары оқу орындарындағы білімнің мазмұны әлемдік деңгейге көтерілуге мүмкіндік алады. Үшіншіден, бұл жоба Қазақстандағы аударма мектебін күшейтуге зор үлес қоспақ. Дегенмен, аударма ісіне үстірт қарауға болмайды. Өйткені, кейбір сөздердің тікелей аудармасы басқа мағына беруі мүмкін. Мамандар бұған да аса мән беруде.

Осы жұмыс бастау алар тұста А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары А.Фазылжанова шетелдік заманауи ұғымдарды аударған кезде ұлттық негізбен байланыстыра отырып аудару қажеттігін айтқан болатын. Ол: «Үлкен жұмыс қолға алынғанын көріп отырмыз. Тіл мәселесіне қатысты біраз қиындықтар бар екенін де байқадық. Жалпы, әрбір сала мамандары шетелдік заманауи ұғымдарды аударған кезде ұлттық негізбен байланыстыра отырып аударса екен. Себебі, бұл оқулықтарды басқаша жолмен аударудың қажеті жоқ. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ғалымдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қыруар ұлттық мұрамызға қол жеткізді. Соның негізінде «Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін» шығардық. Сол сөздік осы жобада пайдаланылуы тиіс. Себебі, бұл лексикографиялық емес, лингвомәдениеттанулық танымдық еңбек. Бергісі – Алаш, арғысы барлық түркі дүниесіне ортақ тіліміз болған. Бүкіл түркілер сол жазба тілімен бір-бірімен түсініскен. Ол ислам өркениетінің қазақ даласында, түркі даласында гүлденген дәуіріне қызмет еткен тіл болған. Сол тілде діни лексиканың барлығы қазақтың мәдениетін жасаған. Мәшһүр Жүсіпті оқысаңыз, тұнып тұрған діни лексика. Бұл діни дискурста қолданылатын сөздер. Тек қана қазақша жазамыз деп те айтуға болмайды. Бір сөздің әртүрлі дискурстағы модельдері болуы керек. Сондықтан, әдебиеттерде осы ерекшеліктерді, тілдік дискурстарын сақтауымыз керек. Мұны бастаған – Алаш зиялылары. Мәселен, Мағжанның «Педагогикасын», Жүсіпбектің «Психологиясын» алып қарасақ, барлық терминдер қазақтың сөзжасамдық ұлттық уәждерін сақтаған. Терминдер пайдалануда осы еңбектерді қолдансақ игі. Бір өкініштісі, біздің ұрпақ сол ұлттық уәжден алыстап кетті. 15 томдық түсіндірме сөздікте сол уәждерді зерделеп жаздық. Тіл білімі институты жаңа бастаманы қолдап, көмектесуге әрдайым дайын», – деген пікірін білдірді. Ал, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика кафедрасының меңгерушісі, доцент Г.Садыханова ғылымның тілі оңай еместігін жеткізді.

– Біз әр сөзді, әр ұғымды ақылдасып қолданамыз. Бір терминді түсіне алмасақ, бір-бірімізден кеңес аламыз. Соңында ортақ шешім қабылдаймыз. Бір термин бірнеше рет қайталануы мүмкін. Тек ағылшын тілінде оқып отырсақ, оны өзіміз түсінеміз. Оны қазақ тіліне аударған кезде, ортақ түсінік қалыптастыруды мақсат тұтқан жөн. Ғылымның тілі оңай емес. Оның жалпы көпшілікке ұғынықты болуын қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ тілінде терминдер болмаса, орыс тіліндегі нұсқасымен салыстыруға тырысамыз. Орыс тіліндегі нұсқасы қазақ тіліндегі ұғымға сәйкес келмейтін болса, онда түпнұсқадан көп айнымаған жөн. Біз аударып отырған «Экономикс» кітабында формулалар өте көп. Формуланы аударудың қажеті жоқ деп санадық. Өйткені орыс аудармашылары орыс тіліне аударады, қазақ аудармашылары қазақ тіліне аударады. Ақырында ағылшын тіліндегі нұсқасынан мүлдем өзгеріп кетеді, – дейді ол.

Тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, филология ғылымдары саласынан студенттердің әлемдік озық үлгіде толыққанды білім алуына жағдай жасау мақсатында аударма жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Авторлық құқық, заманауи инновациялық құралдар, оқу-әдістемелік бағдарламаларды және басқа да ерекшеліктер ескеріліп, аудармашы мамандар, профессорлық-оқытушылық құраммен бірлесіп, аударма саласында жаңа әдіс-тәсілдер қалыптастыруды жолға қояды деген бар. Ұлттық контентті шет тілдерге аударып, әлемге таратып таныту да негізгі міндеттердің қатарына жатады.

Осы уақытқа дейін аударма бюросының бірнеше жиыны өткені белгілі. Сондай мәжілістердің бірінде Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Р.Кенжеханұлы  «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асу барысын баяндап, бюроның алдағы жұмыс жоспары мен мақсаттары жайлы ақпарат берген болатын. Ол «Қазір 100 оқулықтың он сегізі аударылып жатыр. Яғни, он сегіз оқулықтың аударма жұмысы аяқталып, мәтін редакторлар қолынан өтіп, беттеле бастады. Жақын арада оқулықтарды электрон форматта 100kitap.kz сайтында көпшілік назарына ұсына бастаймыз. Ұлттық аударма бюросы сонымен қатар аудармашылардың біліктілігін арттыру, редакторлар даярлау жұмысына да аса мән беріп отыр. Қазақстанда аудармашылар мен редакторлар мектебін қайта жаңғырту осы жоба аясында жүзеге асады деп ойлаймыз», – деп атап өтеді.

Жоба аясында философия, социология, психология, мәдениеттану, дінтану, тіл білімі, экономика, менеджмент пен кәсіпкерлік салалары бойынша әлемдегі ең үздік оқулықтар қазақ тіліне аударылып жатыр.

Бүгінде аталған бағыттар бойынша іріктелген 17 кітап аударылуда. АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Франция мен Ресейдің үздік баспаларымен кітаптарды қазақ тіліне аудару құқықтары рәсімделді. Аударманы іске асыру үшін 17 жұмыс тобы құрылып, 90-нан астам маман жұмысқа тартылды. Оқулық аудармасы сапасын қамтамасыз ету мақсатында аударма тәуелсіз ғылыми және әдеби редакциядан өтеді. Алдағы уақытта 2018-2019 оқу жылында білім алушы жастарды осы жоба аясында аударылған оқулықтар бойынша оқыту да жоспарлануда.

Бұл – келешек үшін жасалған қадамдардың бірі. Бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру үшін мұндай жұмыстардың толассыз жүретіні сөзсіз.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

БИЛІК 12 желтоксан 2017 г. 666 0