МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛДЫ

Өткен сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында аймақтық театрларды дамыту мәселелері қаралды. Селекторлық режимде өткен отырысқа облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед хабарлама жасады.  Министр өз хабарламасында мәдениет саласының қордаланған мәселелеріне жеке-жеке тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда заман талабына сай ғимараттардың болмауы театрларымыздың басты проблемасы болып отыр. «Театрларымыздың бүгінгі күндегі ең басты проблемасы – оларға арнап салынған заман талабына, биік өнердің биік талабына сай ғимараттардың жетіспеушілігі. Тіпті, бізге Кеңес заманынан мұра болып қалған 34 театрдың 21-і ғана типтік ғимаратта орналасқан болатын. Қалғандары ХІХ ғасырда немесе ХХ ғасыр басында түрлі мақсаттарға арналып салынған әр алуан ғимараттарда орналасқан. Мәселен, 1983 жылы ашылған Шымкенттегі қуыршақ театрына 1991 жылы салынған Никольск шіркеуінің ғимараты берілді және театр әлі күнге дейін сол ғимаратта отыр»,– деді министр. 
Оның атап өтуінше, Тәуелсіздік жылдары 20 жаңа театр ашылып, оның төртеуіне заман талабына сай жаңа ғимарат тұрғызылған. Дегенмен, облыстық, тіпті кейбір астаналық  театрлар отырған ғимараттар әлі күнге дейін сын көтермейді. Сондай-ақ, ол өңір әкімдеріне спецификасы, ерекшелігі көп, сахналық параметрлері, акустикасы сияқты айрықша талаптары болатын жаңа театр ғимараттар осындай міндеттерге сай болса екен деген тілегін жеткізді.  Сонымен бірге министр облыстық театрлар үшін үнемі күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі әртістерді баспанамен қамту болып отырғанын баса айтты. Соңғы екі жылда бірқатар облыстық театрларға бірде-бір пәтер бөлінбеген. 
Театрлардағы кадр, әсіресе Қазақстан театрларында режиссер мамандығының жетіспеушілігі жайында атап айтқан министр бүгінде тоғыз бірдей өңірлік театрдың  бас режиссерсіз жұмыс істеп жатқанын, өңірлерге барып жұмыс істеуге дайын режиссер жоқ емес, бірақ оларға жағдай жасалмай отырғанын, яғни, облысқа жаңа келген маманға баспана, лайықты жалақы, облыс басшылары тарапынан қолдау, ынта-ықылас керектігін жасырмады.  Театр қызметкерлерінің айлық-жалақыларының да өзге мамандық иелеріне қарағанда әлдеқайда төмен екендігі айтылды. 
Жалпы, Қазақстан Үкіметі өз отырысында барлық облыс әкімдерінің қатысуымен тұңғыш рет отандық театрларымыздың көкейкесті проблемаларына арналған арнайы жиынын өткізіп отырғаны белгілі. Осы орайда ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, алдағы уақытта рет-ретімен ұлттық мәдениетіміздің басты салалары театр, кино, кітапхана мен мұражай істеріне арналған Үкімет отырыстары өткізіліп, саладағы қордаланған мәселелер талқыланады. Сонымен қатар, оларды шешудің жолдары қарастырылатын болады. «Міне, осындай талқылаулардың негізінде еліміздегі Мәдени саясаттың 2030 жылға арналған жаңа тұжырымдамасы жасалатын болады», – деді министр. 
Басқосуда сөз алған Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов әртістерге мемлекеттік құрметті атақтарды бұрынғы жүйемен беруді ұсынды. 
«Мәдениет пен өнер адамдары қашанда ел арасында беделді болып, халық сүйіспеншілігіне бөлену үшін жанын сала қызмет етеді. Олардың бизнесмендер секілді ақшалары мен жиған-тергендері болмайды. Әртіс еңбектері жанып, атақ-даңқы еленіп жатса – олардан бақытты адам жоқ. Сондықтан осы мемлекеттік құрметті атақтарды бұрынғы жүйемен «Еңбек сіңірген әртіс» және «Халық әртісі» дегенді қайта жаңғыртып, оны өздеріне беру керек»,– деді ол. 
Сонымен қатар Қазақстанның Халық әртісі әлемдік бәсекеге қабілетті мәдени ділді қалыптастыру үшін ең бірінші кадр мәселесі алғышарт болуы керек екенін айтты. Елімізде өнер саласындағы оқу орындары студенттерді оқытуда қатардан қалып жүрмесе де, білім ошағын бітірген жастардың, мамандардың жұмысқа орналасу, сол өңірлерде тұрақтап қалуы сынды мәселелермен бетпе-бет келгенде қауқарлық таныта алмай отырғанын баса айтты. Мұны білетін жастар Астана мен Алматыны айналсоқтап, той-томалақ, теледидар, киноны жағалап, бос жүретінін, есесіне жергілікті театрлар маман тапшылығын тартып, шығармашылық өнер мен кәсіби қойылымдар жасауда әлсіздікке бой алдырып жүргенін ашына айтып, осы орайда мәдениет саласына маман даярлайтын жоғары оқу орындарын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына өткізу керек деген ұсынысын жеткізді.  
Отырыс барысында сондай-ақ сала мамандары қойылымдарға бөлінетін қаржының да жеткіліксіздігін тілге тиек етті. 
 Мәжілісті қорытқан Үкімет басшысы Серік Ахметов: «Бүгін Үкімет отырысында аймақтық театрларды дамытуға байланысты жақсы әрі қажетті әңгіме болды. Орынды ұсыныстар айтылды. Оны Мәдениет және ақпарат министрлігі мұқият жан-жақты қарап, Үкімет хаттамасына кіргізуі керек, – деген Премьер-министр өнер ұжымдарының мәселесіне байланысты ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімшіліктер назарға алуы тиіс екенін тапсырды. 

Айнұр БАТТАЛОВА.
БИЛІК 13 ақпан 2014 г. 1 182 0