Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтау бойынша жыл басынан бері аймақта 52 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 276 бұзушылық анықталған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимовтың төрағалығымен өткен семинар-кеңес барысында белгілі болды.
2017 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өткен жиын барысында алдымен мемлекеттік қызмет саласы бойынша өзекті және күрделі мәселелер талқыланды. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудың қорытындысы, кадр ауысымдылығы, меритократия қағидасын ұстану, «Е-қызмет» жүйесінің жұмыс істеуі, сынақ мерзімін белгілеу және тәлімгерлерді бекіту, конкурстық процедураларды өткізу жайы сөз болды.
Департамент басшысы Абзал Мұхимов қуатты және тәуелсіз мемлекетті құруда мемлекеттік аппараттың кәсіби және тиімді жұмысы септігін тигізеді, сондықтан да мемлекеттік қызметшілер халыққа мінсіз қызмет ете отырып, өздеріне жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындаулары тиіс екендігін атап өтті.
Мемлекеттік қызметті бақылау саласы бойынша мемлекеттік қызмет сала-сындағы заңнама талаптарын сақтау бойынша жыл басына 52 тексеру жүргізілген, оның ішінде ішінара тексеру – 11, жоспардан тыс тексеру– 41. Тексеру нәтижесімен 276 бұзушылық анықталып, бұзушылықтарды жою туралы мемлекеттік органдарға 13 ұсыныс пен ұсыным енгізілгендігі айтылды.
Семинарда қазіргі таңдағы электронды мемлекеттік қызметтердің саны артқандығы, тексеру шаралары барысында жиі кездесетін заң бұзушылықтар және оларды жою жолдары аталып өтті.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы проблемалық және мемлекеттік органдармен жүргізілуі тиіс сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау мәселелері де қаралды.
Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.