КОММУНАЛДЫҚ ҚАРЫЗ ҚАЙТАРЫЛУЫ ТИІС

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, онда 2014 жылға арналған қоғамдық-саяси  маңызды шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Сондай-ақ,  коммуналдық төлемдерге тиісті қарызды жою, ІІ "Байқоңыр” инвестициялық форумы аясында қол қойылған меморандумдардың орындалу барысы талқыланды.
Биыл алғаш рет жыл ішінде өткізілетін қоғамдық-саяси шаралардың күнтізбесі жасалды. Оны жасау арқылы шараның идеологиялық, экономикалық және аймақтағы ұйымдастырушылық жұмыстардың тиімділігін арттыру көзделіп отыр. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Е.Күмісқожаев осы жылы 66 ірі ауқымдағы шара аталып өтілетінін, күнтізбелік жоспарды түзгенде аудан, қала және облыстық мекемелердің ұсыныстары ескерілгенін атап өтті. Халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі іс-шаралар – конференциялар, семинарлар, байқаулар түрінде ұйымдастырылады. Т.Жүргеновтің есімін ұлықтауға арналған халықаралық конференция, түркі тілдес елдердің  "Қорқыт және Ұлы дала сазы” фестивалі сияқты ауқымды басқосулардың тәлімдік маңызы зор болмақ. 
Жоспардың қосымша бөлігі бойынша  облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан тұлғаларды еске алуға, мерейтойларын атап өтуге негіздеме беретін сараптамалық кеңес құрылды. Кеңесте сарапшылар алдағы жылы 16 еске алу шарасын, 8 мерейтойды атап өтуді мақұлдады. Көтерілген мәселеге байланысты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов өз ұсынысын білдірді. 
Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – коммуналдық қызметке қарыз түйткілі. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Е.Әбдіқалықов коммуналдық мекемелердің өзара қарыздары жыл басынан бері өскенін айтты. Ақпанның алғашқы күніндегі мәліметтерге қарағанда, "Қызылордажылуэлектрорталығы” кәсіпорнына "Қызылорда электр тарату тораптары” АҚ, "Энергосервис”, "Су жүйесі” серіктестіктерінің берешектері көбейе түскен. Ал, "Қызылорда электр тарату тораптары” АҚ-ның өзіне мекемелер 492 млн. теңге қарыз. "Қызылордажылуэлектр орталығының” "ҚазТрансАймаққа” берешегі  263,2 млн. теңгені құрады.  
Коммуналдық қызметтерге тұтынушылар қарызы 492,7 млн. теңге болса, оның 62 пайызы тұрғындар үлесінде. Ал, 35 пайызы заңды тұлғаларға, 3 пайызы бюджеттік мекемелерге тиесілі.  Қазіргі күні облыстық наркология орталығы, №3 қалалық емхана, Қызылорда медицина колледжі, қалалық мәдениет үйі сияқты бюджеттік мекемелер электр энергиясына, қалалық тубдиспансер, қалалық аурухана, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы су беру қызметіне, наркология орталығы, диагностикалық орталық, №6 емхана, білім бөлімі, №264, №2 мектептер жылуға қарыз. Негізінде аталған мекемелердің мұндай олқылыққа жол беретін реті жоқ. Бюджеттен қаржы ала отырып, коммуналдық қызметке қарыз болғандарды аймақ басшысы орынды сынға алды.  Мәжілісте тиісті басшыларға коммуналдық мекемелердің қызметін ұйымдастыру мен оңтайландыруға бағытталған бірнеше тапсырмалар берілді.
Өткен жылдың соңына таяу өткен ІІ Байқоңыр инвестициялық форумында түрлі салалар бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған болатын. Бұл туралы хабарлама жасаған облыстық сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Е.Назаров айтты. Жыл басында облыс басшысы меморандумдардың жүзеге асуына жауапты тұлғаларды және орындалу мерзімін бекітті. Облыс әкімдігі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Мәскеу авиациялық институты "Восход” филиалымен, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетімен, Мәскеу болат және қорытпа институтымен  үшжақты келісім аясында маман даярлау, ғылыми тақырыптар мен бағдарламалар бойынша онлайн конференциялар өткізу, профессор-оқытушыларды ғылыми тағылымдамадан өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізген. Бүгінде өңірдің еңбек нарығына қажетті мамандар дайындау үшін Мәскеу технологиялық университетіне, Мәскеу авиациялық институтының "Восход” филиалына, Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетіне облыс әкімінің гранттарын бөлу жұмыстары жүргізілуде. Меморандумнан тыс Қазан мемлекеттік техникалық университетіне 10 грант бөлу көзделген. 
Сонымен қатар, Байқоңыр қаласы мен оған іргелес аудан жастарына Байқоңыр электрорадиотехникалық техникумына, №1 кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға мүмкіндік жасалады. Бүгінгі күні электрорадиотехникумда облыстың әр ауданынан 52 адам ақылы білім алуда.
Аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруды көздейтін кезекті ІІІ Байқоңыр инвестициялық форумы сәуірдің 17-18-іне белгіленіп отыр.  Қазір үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. Облыс басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныту үшін басқа қалаларда өтетін көрмелерге қатысуды тапсырды.
Мәжілісте қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
БИЛІК 11 ақпан 2014 г. 1 094 0