Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевты қабылдады.
Н.Әбіқаев Қазақстан Президентіне ведомствоның қазіргі қызметі және басымдығы бар алдағы міндеттері туралы баяндап берді.
Ресми әңгімеде азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы негізгі бағыттар, сондай-ақ халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы комитет төрағасына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
АГЛОМЕРАЦИЯ АУҚЫМЫ
Кеше Ақтөбеде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов аймақтық агломерацияларды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңесте Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев, облыс әкімі А.Мұхамбетов сөз сөйледі.
Кеңесті қорытындылай келіп, Премьер-министр «облыстың Мемлекет басшысының Жолдауда алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін үлкен мүмкіндігі бар екенін» атап көрсетті.
Премьер-министрдің айтуынша, «барлық агломерацияларды дамытуға, оны дамытудың әрбір бағыттарына жүйелі түрде, қадамдап келу керек».
«Бұның барлық агломерациялар үшін бірыңғай көлік, энергетика жүйесін құруға және ядро қалалар үшін де, сондай-ақ, ол ықпал ететін елді-мекендер аумақтарына салалық мамандандырулар артықшылықтарын анықтауға қатысы бар», - деді Үкімет басшысы.
Нақты Ақтөбе агломерациясын дамытуға қатысты С.Ахметов «облыс орталығын халықаралық деңгейге сәйкес, тиісті параметрлермен белгіленген агломерация ретінде қалыптастыруға» назар аударды. Бұл, Премьер-министрдің ойынша, «аймақтың тиімді географиялық орналасуы мен табиғи байлығын, таяу және алыс шет елдермен дұрыс экономикалық байланыс орнатылғанын есепке алғанда аса маңызды».
Кеңес барысында сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды.