ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚОҒАМ ТАМЫРШЫЛАРЫ

ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚОҒАМ ТАМЫРШЫЛАРЫАптаның бейсенбі күні облыс әкімі Қ.Көшербаев облыс көлемінде тұратын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен кездесті.
Қаламгерлерді жылы қабақпен қабылдаған аймақ басшысы Сыр елінің түлеп өсуіне рухани қуат қосып жатқан жазушы қауымының еңбегін жоғары бағалайтынын айта келіп, өңірімізде атқарылып жатқан өрелі істерді саралап өтті.
– Елбасының биылғы Жолдауында Мәңгілік ел идеясының айтылғанын жақсы білесіздер. Мәңгілік, мызғымас ел болу үшін біздің рухани байлығымыз мол болуы керектігі түсінікті. Сондықтан Сыр елінің мәдени үдерістерге қосатын үлесі қомақты болуы керек. Мәдени-тарихи мұраларымызды қорғау, оларды дүниежүзілік мәдени мұралардың тізіміне ендіру бағытында бірқатар жұмыстарымыз жасалуда. «ЭКСПО-2017» көрмесіне келушілер де, онан кейінгілер де ұлы Қорқыт баба кешенінің басынан мәдениетіміз бен тарихымыздың түп тамырын тани білуі қажет. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге облыс орталығынан жаңа драма театрының, облыстық музей мен музыкалық колледж ғимараттарының құрылысы басталмақ.
Биыл Сырдарияның сол жағалауынан шығыстық үлгідегі жаңа қала бой көтере бастайды, – деді облыс әкімі.
Мұнан әрі өңірдің құрылыс, коммуналдық сала жетістіктеріне тоқталған аймақ басшысы қаламгерлердің лебізін тыңдады.
ҚЖО облыстық филиалының төрайымы, ақын Қаршыға Есімсейітова сөз алып, Сыр өңірінде одақтың 22 мүшесі тұратынын, олардың алды биыл 75-ке толатынын, соңының өзі 50 жасты еңсеріп отырғанын айта келіп, қаламгерлердің мерейтойларын атап өту, мемлекеттік тапсырыспен кітаптарын шығару, оларға облыс әкімінің стипендиясын тағайындау жөнінде ұсыныстар білдірді.
Аймағымызда қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен шендесе алатын, талантты, тәжірибелі ақын-жазушылар бар екенін білдірген одақ төрайымы олардың рухани өмірімізге тірек бола білетінін, аймақтың дамуына уақытпен санаспай тер төгіп келе жатқан облыс басшысының өзіне сенімді көмекші бола алатынын тілге тиек етті.
Мұнан соң А.Сопыбеков, Ә.Әлішев, Б.Кәрбозұлы, С.Жұбатыров, Ә.Рахымбеков, Қ.Жәленова секілді бірқатар қаламгерлер өз пікірлерін ортаға салып, Елбасының Мәңгілік ел идеясы өздеріне зор қуат пен шабыт сыйлағандықтарын білдірді.
Сөз қорытындысында облыс әкімі Қ.Көшербаев жазушылар айтқан барлық ұсыныстарды құптады. Қоғам тамыршыларына қай кезде де өз тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
Кездесу соңында бір топ ардагер-қаламгер «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалімен марапатталып, жазушылар облыс әкімімен  бірге ескерткіш суретке түсті.

Д.БЕРКІНБАЕВ.
БИЛІК 25 қаңтар 2014 г. 1 330 0