« Қыркүйек 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 |
Облыстық мәслихаттың шешімімен Қазалы ауданына 3 млрд 622 млн теңге қаржы бөлінді. Айта кетерлігі, бұған дейін де 1 млрд 318 млн теңге берілген. Бәрекелді! Енді осы қыруар қаржы қандай жұмыстарға жұмсалмақшы деген сауалдың жауабын қолдағы деректерге сүйене отырып жеткізсек.
Қаржының 900 миллион теңгеден астамы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы Бекарыстан би ауылына бөлініп отыр. Соның арқасында аудандағы ең іргелі ауылда ауыз су сервистік желіге қосылады. Елді мекендегі №24 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7 көше жөнделіп, 8 көшеге жарықшам орнатылады. Осылайша ауылдың ажары көркейіп, келбеттене түседі. Бекарыстан би ауылындағы ағайындар бұл жұмыстардың жүзеге асуын ұзақ жылдар күткен болатын. Енді бұл мәселенің де шешімі табылатын күн алыс емес.
Көпшіліктің көкейіндегі өткір мәселе – тұрғын үй. Жуырда Әйтеке би кентінен бір қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Қолға алынатын құрылыстардың ішінде Ақсуаттағы 150 орындық клуб пен Ғ.Мұратбаев ауылында жүргізілетін газ желісі бар. Ғ.Мұратбаев саябағы абаттандырылса, кенттегі былтыр асфальтталған Жалаңтөс батыр көшесіне жарықшам орнатылады. Аудан орталығындағы тозығы жеткен кәріз жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Салауаттылық салтын сақтау, бұқаралық спортты дамыту да күн тәртібінде тұрақты тұр. Қ.Пірімов, Ү.Түктібаев ауылдарында балалар ойын алаңы, тренажер, жүгіру жолағы бар спорт ойындарына арналған алаң салынады. Қолдау балғын өрендерді қанаттандырып, Олимпиада шыңына жеткізсін дейміз.
Жолдың жайын жүрген біледі. Әлеуеті дамыған елдердің «байығың келсе, жол сал» деген ұстанымы да бекер емес. Бұл – әлемдік экономикадағы тәжірибе. Осы бағытта Қазалы ауданында өткен жылы көптеген жұмыстар жүзеге асқан еді. Биыл бұл жұмыстар жалғасын табады.
Қала мен кентте жөнделетін 16 көшеге қосымша тағы 13 көшеге қосылды. Мұндай жұмыстардың қала мен кентте ғана емес, алыс ауылдарда да жүзеге асуы – қуантарлық жағдай. Атап айтқанда, Майдакөл, Басықара, Жалаңтөс батыр, Жанқожа батыр, Ақсуат, Кәукей, Бозкөл, Өркендеу, Абай, Ғ.Мұратбаев ауылында да көшелер жөнделеді. Бұл мәліметке жоғарыда айтылған Бекарыстан би ауылындағы 7 көшені қосыңыз. Сонымен қатар Қазалы қаласының 8, Бекарыстан би ауылының 1 көшесіне тротуар салынады.
Көптен бері шешімін таппаған №226 гимназияға биыл күрделі жөндеу жасалады. С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің есік-терезелері ауыстырылып, жылу жүйесі жөнделеді. Сондай-ақ, кенттегі №70, қаладағы №17, Ү.Түктібаев ауылындағы №88, Бозкөлдегі №96, Ақтан батырдағы №190, Ақсуаттағы №100 мектепке, кенттегі «Ақбота», Ғ.Мұратбаев ауылындағы «Балдәурен», Қожабақыдағы «Айгүл» балабақшасы мен «Шағала» лагеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бірқатар ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтар да жөнделеді.
– Кенттің «Аймақаш» аймағынан жер беру үшін дайындалған жобаның қаржысы да шешілді. Енді бұл жерге электр жарығы, газ және ауыз су тарту жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар аяқталған соң 115 адамға жер беріледі деп отырмыз. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 237,3 млн, NEET санатындағы жастарға және табысы аз көпбалалы отбасыларға, табысы аз еңбекке қабілетті мүгедектерге жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін гранттарға 103,4 млн, қоғамдық жұмысқа 333,2 млн қаржы қаралды. Баршасы аудан тұрғындарының игілігі үшін жасалынған, – дейді Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев.
Ауданда жүзеге асуы межеленген мұнан өзге де біршама жоспарлар бар.
Қазалы ауданы.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы».
« Қыркүйек 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 |