Бірге болсақ, бүтінбіз

Әлем күн сайын коронавирус қаупін еңсеріп келеді. Баспасөз бетіндегі жақсы жаңалықтарға қуанып отырамыз. Алайда, бұл дерт түпкілікті жоғалып кеткен жоқ. Мұны да жақсы сезінеміз. Соңғы кезде Қызылорда қаласы бойынша дерттің бірнеше мәліметтері алдымыздан шықты. Бірақ, мұны атқарылып жатқан шаралардың жүйесінен көре алмаймыз. Жергілікті билік мүмкін болған барлық жағдайды атқарып отыр.

Ендеше, қараша жұрттың қарапайым қағиданы бұзбай, шектеу тәртібінің шегінде ғана тірлік еткені абзал. 

Бұл қазіргі кезеңдегі ең керекті шарт. Рас, егін шаруасымен айналысатындар мен қажетті мекемелер, кәсіп иелері жұмысын жалғастыру үстінде. Оларға қатысты арнайы ереже бар. Өкінішке орай, олардан да бөлек көшедегі ағылып жатқан көлік легі саябырсымай тұр.  Таксилетіп жүргендер де көп. Егер біз кеселдің бетін қайтарамыз десек, алдымен тәртіпке бағынуымыз керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуіміз» қажет.

Осыдан біраз уақыт бұрын мені облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қабылдап, елімізде орын алып жатқан жағдайға байланысты ой бөлісті. «Қай заманда да үлкенін сыйлап, құрметтеген халықпыз. Өкінішке қарай, қариялармен жүзбе-жүз кездесіп, пікірлесудің сәті түспеді... Дәл қазір ол кісілерге үйден шықпай, денсаулықтарын сақтағаны жөн. Ардагерлерімізге менің сәлемімді жеткізерсіз», – деп қарттардың амандығына да алаңдаған болатын.  

Ардагерлер кеңесіне қарасты облыс көлемінде 723 бастауыш ұйым, оның 74 мыңға жуық мүшесі бар. Мен сол ардагердің көбімен телефон арқылы байланысып отырамын. Олардың жағдайын білемін, ауылдың амандығын сұраймын. Елдің арқасына осындай салмақ түсіп отырғанда қариялар да қарап жата бермей, елді бірлікке шақырып, ауырлыққа бір иығын тосқандай ақыл-кеңестерін айтып, көпшілік көңіліне жігер беріп келеді. Олар – бір-бір әулеттің алтын діңгегі. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, үлкендердің сөзі – кейінгілер үшін аттап кете алмайтын ар сөзі. Осы тұрғыдан алғанда дерттен қорғануға қатысты ардагерлерлің ортақ мүддеге қосып отырған үлесі бары анық.

Жақында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: « ...Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл – адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін де аңғардық. Қалған дүниенің бәрін біртіндеп ретке келтіруге болады», – деген ойын айтты.

Шын мәнінде алдағы уақытта таразыға түсетін мәселенің бірі – не нәрсенің аса бағалы екенін адами ақыл тұрғысынан сезіну болмақ. Біздің жұртымыз кешеге дейін ысыраптан тыйылмай, астатөк жиындарды жақсы көріп келді. Қарыз алсақ та, той-томалақ жасаудан тосылған жоқпыз.  Ал, мына дерт адамдардың көп нәрсеге байыппен қарау керектігін еске салды. Еңбек етіп, бірлік сақтап, өмір сүрудің берекесі мол. Басқасы біртіндеп бола береді. Ол үшін бір болуымыз керек. 

«Төртеу түгел болса, төбедегі келедінің» терең мәні бар. Қазақтың «төбе» деп отырғаны – Жаратушыны мегзеуі. Құдіреті күштінің өзі бірлікке береді екен. Біздің ата-бабаларымыздың мың өліп, мың тіріліп, бар қиындықты жеңу сырында сол бірлік бекемдігі жатыр.

Сондықтан, ардақты сырбойылықтар, мына қиындықты бірлесіп жеңілдетіп, қолдасып көтерейік, мұнан әрі жайылуына жол бермейік. 

Мен бұған дейін де баспасөз арқылы көпшілікке өз сөзімді арнаған едім. Бүгінгі сәтті де пайдаланып, шынайы ойымды жеткіздім. Оған қоса халықтың қамын жеп жүрген дала қостарындағы еңбекерлерге, өзгенің жаны үшін өз жанын шүберекке түйген дәрігерлерге, күн-түні жарғақ құлағы жастыққа тимейтін құқық қорғау қызметкерлеріне, атқамінер азаматтарға Сырдың абыз қарттарының атынан алғыс білдіргім келеді.

Ел аман болсын.


Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.



Әлеумет 07 мамыр 2020 г. 526 0