« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елге төтенше жағдай енгізілгелі Тұңғыш Президент саябағы маңынан оны көп көретінмін. Дұрысы, сондағы тосқауыл бекетінен көремін. Үзбей көретінім: мен де журналистік қызметпен өз жұмыс орныма жақын осы жерге жиі ат шалдыруға тура келеді. Сәуір басталғалы бір блок-бекеттен табан аудармай, кезекшілігін үзбей атқарған аға лейтенанттың жасы да мен қатарлы болар.
Көктем басталғалы біздің Қызылорданың азынаған шаңды желі кім-кімнің де ажарын кетірері белгілі ғой. Әсіресе, үнемі сыртта жүрсеңіз. Оның үстіне тұмшаланған тұмылдырық бәрімізге көктем иісін толық сездірмей тұр. Бағаналы менің сырттай бақылауымдағы сақшы жігіттің өзі де посттағы қарбаластан қолы сәл қалт етсе, жақын маңдағы саябаққа еміне қарайтыны бар. Күн жылынғалы көктей бастаған тал-шыбық оны да әлдебір үмітке жетелейтіндей. Иә, жүзі әбден күн астында қарауытқан сақшы жігіттің де карантин жағдайын құптамайтыны һәм қаламайтыны анық еді. Амал қанша, төтенше кезіндегі оның міндеті – қоғам қауіпсіздігін қадағалау.
Аға лейтенанттың аты-жөні – Әлібек Ержанов. 28 жаста екен. Облыстық полиция департаментіне қарасты көші-қон басқармасының взвод инспекторы. Әке жолын жалғастырушы. Өйткені оның әкесі Базарбай Жалағашта 32 жыл құқық қорғау қызметінде болған. Әлібектің өзі де отбасылы. Кішкентай бүлдіршіннің әкесі. Посттағы қарбалас уақытында қасында жүріп, алғашқы таныстықтағы кейіпкеріміз жайлы қысқаша осы ғана.
– Әскери борышымды Талдықорғандағы десанттық шабуылдаушылар қатарында өтедім. Одан оралысымен осы құқық қорғау саласына қызметке келдім. Әскерге дейін қаладағы заң гуманитарлық колледжін бітіргенмін, – дейді Әлібек бізбен әңгіме барысында.
Мұндағы тосқауыл бекетінде күндізгі 12 сағат бойы бес қызметкер өтушілерді қадағаласа, түнгі ауысымда да дәл осындай. Медбике қыздар дене қызуын өлшеп, зыр жүгірсе, әскерилер мен сақшылар көлік пен жүргізушілердің құжаттарын, жүк машиналарының сыртқы қорабын жіті тексеріп тұр.
– Әдепкі уақытта халық та, біз де қиналдық. Карантин тәртібіне түсінбестік танытатындар жетерлік болды. Барынша сабырмен түсіндіру жұмыстары жүргізілетін. Тәртіп керектігін, үйден шығуға болмайтынын айттық, осылай індетке тосқауыл болуда міндетімізді адал атқарып келеміз. Барлық әріптестерім блок-посттарда жүйкеге тиер небір сөздер естісе де, осы қызметтің өзіндік тәртібінен ауытқымады. Қазір ол жағдайлар қалыпқа түсті. Бүгінде тұрғындар тарапынан да көп алғыс естіп жатырмыз. Біз халыққа қызмет ету жолынан таймаймыз, – дейді аға лейтенант Әлібек.
Расымен, карантин кезі көп жағдайдың басын ашып берді. Мұғалім мен дәрігерді сынаудан алдына жан салмайтын бәзбіреулер өз ойынан лезде айнып шыға келді. Полиция қызметкеріне де солай. Қазіргі жағдай қоғамның танымын өзгерте бастады.
Әлібекпен аз-маз сөйлесіп, қоштасқан соң ол посттағы қарбалас ішіне еніп кетті, мен де жұмыс орныма оралдым. Олар жайлы көзқарас туралы ұзақ ойландым. Бүгінгі төтенше жағдай кезінде өздеріне бұрынғы міндетінен екі есе жауапкершілік артқан құқық қорғау қызметкерлерінен бөлек, басқа да мамандық иелеріне (ұстаз, дәрігер, т.б.) алғыстан басқа не айтуға болады?! Қысқасы, елге сындарлы сәт туғанда жан-тәнімен қызмет еткен жандарды қалай бағалау керектігін уақыт өзі дәлелдеп бергендей.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |