"Арзандатылған жанармай алдық "

Қазір төтенше жағдайға қарамастан, диқандар сақтық шараларын ұстанып, жұмыстарына кірісті. Несібесін Жер -анадан табатын шаруалар күн жылынғаннан-ақ, кетпен-күрегін сайлаған.  Олар  дәл қазір алқапта жүр. 

Жалағаш ауданының  Мәдениет ауылдық округінде жеке кәсіпкер Самат Сарбасов 800 гектар  алқапқа күріш тұқымын септі. 

Дән себілмес бұрын, мұнда су көздері 90 процентке тазартылыпты. Жерді нәр­лендіру мақсатында ми­нералды тыңайтқыштар қол­да­нылған. Диқандар дайындық жұ­мысын пысықтағаннан кейін барып, тұқым себілді. Шаруашылық ақ маржанның бір ғана түрін өсіреді. Ол – Лидер. 

Кәсіпкер 2014 жылы «Жігер» шаруа қожалығын ашқан. Бұған дейін басқа шаруашылықтарда жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинақтаған. Алғашында 100 гектар аумаққа күріш егіп бастаған. Ала жаздай егістік басында түнеп, уақытылы суарып, мал түсіп кетпеуін қадағалады.  Күзде диқанның еңбегі ақталып, егіні бітік шықты. Еңбегі еселенген Самат келесі жылы мемлекеттің қолдауы ар­қасында егістік  көлемін ұлғайтты. Жыл сайын тұқымға, минералды тыңайтқышқа, техникалық құралдары мен жанар-жағармайға берілетін субсидиядан қалыс қалған емес. Сол себепті, шаруа жасалып жатқан мүмкіндіктер мен жеңілдіктерге дән риза. Қазіргі таңда шаруашылықта 40-тан астам адам еңбек етеді. Еңбеккерлердің жалақысы жақсы, тұрақты әрі барлық  жағдайы  жасалған.  Сонымен бірге, Саматтың айтуынша, техника күші де жеткілікті. Бәрі де заманауи құрылғылар екен. Қазір комбаин, трактор бәрін қосқанда 15-тен асады. 

– Еліміздегі төтенше жағдай шаруа­ларға қолбайлау болып отыр­ған жоқ. Ең бастысы, сақтық шараларын барынша  ұстанып, егін егіп жатырмыз. Мұндай уақытта қарап отыруға болмайды. Қазір – нағыз егін егу науқаны. Мемлекеттен қажетті көмекті, атап айтсақ, арзандатылған жанар-жағармайды алдық. Енді жылдағы межені тұрақты ұстап отыруға күш-жігерімізді саламыз, – дейді шаруа. 

Өткен жылы 63 центнерден өнім жинаған ол күріштің келісін 65 теңгеден сатқан. Тұрақты тұ­тынушысы бар. Еңбекқор жігіттің ендігі мақсаты  – егістік аумағын кеңейту. Оған қоса, өзге де дақылдарды өсіріп көрмек. 

Биылғы алтын дәнді шашпай-төкпей жинап, қамбаға бастыру оның басты тілегі болып тұр.


Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

Әлеумет 25 сәуір 2020 г. 571 0