Қолдау бар, тек сіз үйде болыңыз

Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты бүгінде халықтың басым көпшілігі күнделікті еңбектен қол үзуге мәжбүр болып отыр. Осындай сын сағатта еліміз мұқтаж жандарға жәрдемақы тағайындап, түрлі төлемдердің мерзімін ұзартып, тағы басқа аса қажетті қолдау шараларын қабылдады.
Табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеу­мет­тік төлемді алған жас  отбасылардың бірі, қала тұрғыны – Айжан мен Темірлан Аяғановтар. Ота­ғасы Темірлан жеке сауда орталығында жұмысшы болып еңбек еткен. Елдегі жағдайға байланысты, біраз қызметкерлер жұмыстан босатылады. Олардың қатарында Темірлан да болатын. Отанасы Айжан 4 баланы бағып, үй шаруасында. Жалғыз ерінің табысына қараған оған бұл жағдай оңай тимегені анық. Кейін мемлекет мұндай жан­дарға әлеуметтік қолдау жасап жатқанын естігенде қуанып қалады. Темірлан еңбек сайты арқылы 42500 теңге алуға өтінім береді. Көп ұзамай оның байланыс құралына хабарлама келіп, тиісті жәрдемақы тағайын­далыпты. Қаражатқа азық-түлік өнімдерін тағы бір тү­гендеп алды.
Жалпы, бұл отбасында екі бала мектеп жасында. Үлкені Ермек  бесінші, Самат 3-сыныпта оқиды. Қазір балалар үйде онлайн жүйесі арқылы  білім алуда.  Балалардың сабағын ата-анасы ерекше бақылауға алған. Берілген тапсырмаларды бірге орындайды. Темірлан  карантин кезінде балаларына ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты. Сабақтарына көмектеседі, өзге де кітаптар оқып береді. Салауатты өмір салтын ұстану үшін түрлі жаттығулар жасатады. Ол әрбір отбасында жеке бастың тазалығы мен қауіпсіздік ережелері қатаң сақталуы тиіс деп біледі.
– Қазір жұқпалы індеттен халықты аман алып шығу мақсатында қолдан келген барлық мүмкіндіктер мен амалдар жүзеге асырылуда. Оны біз күнделікті көзбен көріп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп отырмыз. Күн тәртібінде бір ғана мәселе тұр. Ол – індетпен күресу.  Біздің елде басты құндылық – адам және оның өмірі. Сондықтан карантин режимі күшейтілуде. Біз де ережеге бағынамыз. Үйде балаларымыздың жанында болып, жарқын күндеріміздің қайта келуін күтіп отырмыз, – дейді отағасы.
Айжан болса, тігіншілікті қолға алыпты. Ескі сарайда жатқан тігін машинасының шаңын сүртіп, қоданысқа енгізген. Үйдегі ескі көрпе­шелерді жаңартып, балаларға да киім тігіп беруде. Өзінің жаңа қыры ашылып келетініне риза. Бұрын балаларынан қолы босамайтын, қазір жары тіршілігіне қолғабыс етіп, тігіншілікке уақыт тапты. «Карантин деп үйде қол қусырып отыруға болмайды. Біз күннің қалай өтіп кеткенін де байқамай қаламыз. Балалардың сабағы, тамағы мен үй шаруасының күйбеңі таусылмайды ғой, кейде үлгермейміз – дейді ол.
Осындай қиын сәттерде жомарт жандардың қайырым­дылық жасап жатқаны жанына жылулық сыйлайтынын да жасырмады отанасы. Жақында оған ерікті жастар хабарласып, азық-түлік пен жеке гигиеналық құралдар жеткізіп берген екен.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
Әлеумет 23 сәуір 2020 г. 553 0