Көшпелі саудада керек-жарақтың бәрі бар

Карантин жарияланған күні сауда үйлерінде дүрбелең болғанын білесіздер. Азық-түлік тапшылығы болады деген қауесет тарап, базарлар мен супермаркеттер лық толды. Тұрғындар қажетті дүниелерді қаптап сатып алып жатты. Қауіпсіздік шараларының күшейтілгені, бірқатар сауда нысанының жұмысы уақытша тоқтатылғаны рас. Алайда, жағдай тұрақты күйінде қалды. Азық-түлік қоры жеткілікті, күшейтілген режимде, белгіленген уақытқа дейін дүкендер мен дәріханалар жұмысын жалғастыруда. Оның үстіне қала, аудан төңірегіндегі саяжайларда жылжымалы көлік арқылы көшпелі сауда ұйымдастыру ісі жолға қойылған.

Бүгінде бұл шара қала аумағында тосқауыл бекеттері орналасып, жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының облыс орталығына кіріп-шыға алма­уына байланысты қолға алынды. Қала әкімінің тапсырмасымен, «Мирас» және «Анвар» сауда орталығының демеушілігімен арнайы жүк көліктері бөлініп, «Эдельвейс, «Сабалақ», «ПМК-29», «Электромонтажник», Нау­рыз, Ақсуаттағы саяжайларға нарық бағасынан төмен бағада азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар жеткізілуде. Жалпы көшпелі саудада картоп, пияз, сәбіз, күріш, макарон, сүт, шәй, өсімдік майы мен сабын, ұнтақ, сіріңке, химиялық тазартқыштар сатылымға шы­ғарылды. Алғашқы саудада 5 тоннаға жуық азық-түлік пен тұрмыстық зат сатылыпты.

– Төтенше жағдай режимі кезінде қаланың кіреберіс жерлерінде 5 тосқауыл бекеті қойылды. Сақтық шараларын қатаң сақтауымыз қажет. Бастама да тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасатын болады, – дейді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов.

Бұған қоса, «Europharm» дәріханалар желісі де қалаға қарасты кент және ауылдық округтер мен шет аймақтарда, саяжайларда мобильді дәріхана жобасын іске қосты. Ол тұрғындарды  қажетті дәрі-дәрмектің барлық түрімен қамтамасыз етеді. Ассортименті қолжетімді бағада, 800-ден астам препаратты қамтиды екен.

– Қалаға шыға алмаймыз. Алайда, көшпелі сауда ұйымдастырылып, барлық қа­жетті заттарға қол жеткізіп отырмыз. Өсімдік майы, картоп, сәбіз сатып алдым. Дәрілер, медициналық бұйымдар да тұр. Барлығы қолжетімді бағада, осы шара жалғасын тапса деген тілегіміз бар, – дейді саяжай тұрғыны Айнагүл Оразым­бетова.

Қазалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері де блокбекеттер тұрғындардың жүріп-тұруы үшін кедергі тудырғанымен, күнделікті қажеттілік үшін тосқауыл болмауын ескерген. Ауданда көшпелі сауда қызметін ұйымдастыру жолға қойылуда, тұрғындарға базар бағасымен азық-түлік сату жұмыстары жүргізілуде. Жуырда аудан кәсіпкерлері Кәукей ауылы тұрғындарына картоп, жуа, сәбіз, макарон, ұн, өсімдік майы, қант, күрішпен қатар, жеміс-жидек жеткізді. Бұл ретте төтенше жағдай кезіндегі тиімді шараның барлық аудандарда да жалғасын тапқаны қуантады.

Баға да бақылауда. Қол­дағы мәліметке сүйенсек, қазір облыс орталығында 28 әлеуметтік дүкен бар.  Мұн­дағы өнімдер нарықтан төмен бағада сатылатындықтан тұр­ғындардан сұраныс жоғары. Ал, ол өз кезегінде бағаның төмен болуына септігін ти­гізуде. Дүкен аумағында сақ­тау қоймасының болмауына байланысты өнімдерді күнделікті  «Байқоңыр» ӘКК» АҚ автокөлікпен бірнеше рет тасымалдап отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік дүкендерде өнім­­дердің бір тұтынушыға сатылу мөлшеріне шектеу қо­­йылған. Тұрақтандыру қо­рындағы өнімдерді аудан ор­та­лықтарына жеткізу де жос­парлы түрде жүзеге асып келеді. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе күн­делікті мониторингті, қатаң қадағалауды жолға қойған. Бұл шаралардың барлығы алаңдауға негіз жоқтығын көрсетеді. Халықтың қажеттілігі, сұ­ра­нысы төтенше жағдай кезінде ғана емес, барлық уақытта ескерусіз емес.

М.СНАДИН,

«Сыр бойы».

Әлеумет 23 сәуір 2020 г. 791 0