Айғайшыл күш игі іске кедергі

Мен – көш бастайтын көсем де, сөз бастайтын шешен де емеспін, жасым жерортадан ауса да, дүниені кезіп, білім қуып жүрген жай ғана қарапайым ұстаз, ана, қазақ әйелімін. Ойымды ортаға салуға Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы түрткі болды.

Дүниені дүрліктірген «COVID-19» салдарынан бір сәтке бүкіл әлемдегі тіршілік тоқтап қалғандай... Жағдай ешбір елге, ешбір адамға оңай соғып тұрған жоқ. Өз мысалымды айтсам, отағасым үйден жырақ, вахталық әдіспен қызмет жасаса, ұлым вирус нағыз ушығып тұрған Шиелі ауданында халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін күні-түні ты­нымсыз еңбек етуде. Өзім білімімді көтеру мақсатында Мәскеу қаласында жүрген едім, қалыптасқан жағдайға байланысты отаныма оралып, үйде оқшаулануыма тура келді.

Күнделікті тірлігім барлық­та­рыңыздың бастарыңыздан өт­керіп отырған жайттардан еш айыр­ма­шылығы жоқ: әрбір таңның ат­қа­­нына, жарық дүниені саулықта көр­геніме құдайға сансыз шүкірш­ілік ете отырып, отбасымның, жа­қын­да­рымның, таныс-бейтаныс жан­дар­дың, еліміздің амандығын ті­­лей­мін. Келеңсіз күндердің артта қа­лып, тірлігіміздің қалыпқа келуін қа­лаймын.


Әлеуметтік желілерде қауесеттер қаптап жүр. «Аңқау елге арамза молда» демекші, кейбір алаяқтар осы сәтті пайдаланып, жеке бас мүдделерін көздеуде. Дегенмен, «судың да сұрауы бар» екендігін естен шығармағанымыз абзал. Бір ауыз сөз ел мен елді жауластырып, бір ауыз сөз ел мен елді татуластырады. Сөз құдіреті осы болар, сөзімізге мән берейік...


Карантин шаралары тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде қабыл­данды, Мәскеуде де солай. Қалай ойлайсыздар, еріккеннің ісі ме? Жоқ, бұл – үкіметтің халықты қауіпті індеттен аман алып қалу үшін күресі! 

Дүние жүзі бойынша ауру жұқтырғандар 2 млн-ға жақындады. Қазақстанда мыңнан астам адам. Сыр өңірінде де жағдай күрделі. Облыс әкімі де алаңдаулы, халыққа түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүр­гізілуде...

Елбасы айтқандай, «Жаһан жұрт­­шылығын әбігерге салған пан­демия жаңа бүкіл әлемде эконо­микалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шек­телді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұ­ның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқты­рып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр».

3-сәуірде Халықаралық ва­люта қорының басшысы (ХВҚ) Крис­талина Георгиева әлемдік эко­но­миканың тоқтағаны жайлы  мәлім­деді. Оның пікірінше, әлемдік эко­номика жағдайы 2008-2009 жыл­­­­дардағы тоқыраудан да нашар. Коронавирус пандемиясының кең етек жаюына орай, Қордан бір­ мез­гілде жедел қаржылай көмек сұраған әлем елдерінің саны 85-ке жетіп, рекордтық деңгейді құрады.

Қазақстанның, қазақстан­дық­тар­дың әлемдегі орнын елеп, тағ­дырына алаңдаушық танытқан бір­қатар мемлекеттер – АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Польша, Біріккен Араб Әмірлігі көмек қолдарын созуда.


Қазақ деген әділдігі қара қылды қақ жарған, тектілігі қанында ой­наған халықпыз ғой, қолымызды жүрегімізге қойып тұрып, бір сәтке ойланайықшы... «Біз үшін еліміз не жасап жатыр, неге жасап жатыр?» Мүмкін болатын бүкіл жағдайды жасап жатыр: Ата Заңы­мызда жазылғандай, «Қазақстан Республикасының ең қымбат қа­зынасы – адам және оның өмірі» екендігін Үкімет үнемі дәлелдеумен келеді. 


Қалыптасқан жағдайда қа­был­данған шараларды айтсақ.

Төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде қаржылық жай-күйі нашарлаған жеке тұлғаларға қолдау көрсетіліп, дара кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъек­тілеріне несие, салық каникулдары жарияланды. Ауыл шаруашылығына субсидиялар көлемі ұлғайтылды. Ме­дицина қызметкерлері үшін ар­найы әлеуметтік пакет белгіленді. Ресми тіркелген және тіркеусіз-ақ міндетті әлеуметтік қорларға тиісті жарналарын салып отырған барлық жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға бірреттік көмек ре­тінде 42500 теңгеден берілуде.

Білім беру online және қашық­тан оқыту форматына көшірілді. Білімнің қара шаңырағы атанған өңіріміздегі іргелі оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің сапа саласындағы саясатының негізгі қағидаларының бірі білім беру қызметін одан әрі цифрландыру болғандықтан, соңғы ондаған жылдар бойы тәжірибеде қашықтықтан оқыту үдерісі кеңінен қолданылып келеді.

Қашықтан оқыту жүйесіне жап­пай көшу жалпы орта білім беру саласында, әсіресе шалғай елді ­­ме­­­кендерде кедергілер ту­ғыз­ды. Cон­­­дықтан, интернет же­лі­лері мен тегін сайттар, білім беру плат­фор­малары іске қо­сылды, қа­жет­тіліктері ескеріліп, ком­пью­тер­лер сатып алын­­ды, уа­қытша тегін пайдалануға берілді.


Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) жетекші экономисі Роберто Кротти «РИА Новости» агенттігіне берген сұхбатында: «Пандемия Төртінші индустриалдық революцияны жеделдетеді, бірақ әлемдік саудада өзгерістерге алып келеді. Сандық технологияларды өзгелерге қарағанда неғұрлым аз енгізгендер зардап шегеді» деді. Ойланарлық жайт. 2018 жылы қазақстандықтардың сандық сауат­тылығы 79,6%-ті құрады. Цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы мемлекет эконо­ми­касының бәсекелестігін және халық өмірінің сапасын арттыру мақсатында» Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Цифрлық сауаттылыққа 532 мың азамат тегін оқытылды, бұл тізім әлі жалғасуда. Демек, келешектен үміттіміз.


«Әр істің бір игілігі бар» демекші, Үкімет тарапынан қабылданып, ау­қымды қолдау тапқан қашықтан оқыту, экономиканы сандық жүйеге көшіру – заман талабы, ұлттық эконо­миканың қозғаушы күші және тұрақты жұмыс орындарын құрушы. Карантиндік жағдай оның қарқынды дамуына себеп болды.

Үкімет тарапынан жасалған ең басты қолдау – індеттің жаппай таралуының алдын алу шараларын күшейтіп отырғандығы! Мамандар cақтық шараларын барлық БАҚ арқылы қарапайым мәтінде тайға таңба басқандай анық түсіндіруде. Ел басына күн туған осынау қилы заманда «Біз еліміз үшін не жасай аламыз?» деген сауал әрбір елжанды азаматты толғандыратыны сөзсіз. Бұл түйіннің шешімі өте карапайым,  орындалуы оңай, бірақ салдары мен пайдасы орасан зор бір ғана жауап – «ҮЙДЕ ОҚШАУЛАНУ».

«Қиындық – келешекке берілген тамаша мүмкіндік». Оқшаулана отырып, келешегімізге көз жүгіртейік, кемел елдің іргетасын бүгіннен қалайық, ол үшін: ұрпақ тәрбиесін нықтайық, іргемізді нығайтайық, ізденейік, сапалы білімге ұмтылайық. Қазіргі заман бар білімді қанағат тұтатын кез емес. Әлем әлдеқашан үздіксіз білім жүйесіне көшті. Біз «инновациялық», «сандық», «білім экономикасы» деп аталатын қоғамда өмір сүріп отырмыз.

Елбасы айтқандай, «Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғай­шыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал».


Гүлшат МҰСАЕВА, 

Қорқыт ата атындағы 

ҚМУ-дың аға оқытушысы

Әлеумет 20 сәуір 2020 г. 820 0