« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сырдариялық Мереке Нұрғалидың мамандығы – медбике. Қазіргідей қиын кезде жұмыссыз қалған оған Үкімет қарасып, әлеуметтік төлемге қол жеткізді. Қызылорда қаласының тұрғыны, бала күтімімен үйде отырған Назгүл Едіге де ең төменгі жалақы мөлшеріндегі мемлекет қолдауы үшін дән риза. Кейіпкерлеріміз ақшаны азық-түлік сияқты тұрмыстық қажеттілікке жұмсап, отбасының пайдасына жаратты.
14 сәуірдегі мәлімет бойынша 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны өңірде олар сияқты әзірге 99 мыңға жуық адам алды. Ұзын саны 200 мыңнан астам қызылордалықтан электронды өтініш түссе, соның 97 мыңдайы деректің дұрыс толтырылмауына байланысты кері қайтарылды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, халықтың төтенше жағдай тұсында жұмыстан қысқарып, табысынан айырылған бөлігін қолдауға 4 млрд 185 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2,4 млн-нан астам ел тұрғынына әлеуметтік төлем тағайындалды. Өтініштердің көптеп түсуі жөнінен Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары алда тұр. Ең көп жәрдемақы да тиісінше осы өңірлерде берілген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өтінішті әркім өз атынан беруі керек екенін ескертеді. ЖСН-ді қате терсе де, банктегі шоттың бір цифрынан шатасса да, қабылдамайды.
– Адамдар «неге біз досымыздың, ата-анамыздың, ұлымыздың, туысқанымыздың есебін көрсете алмаймыз?» деп шағымданады. Мұны алаяқтар пайдаланып кетуі мүмкін. Аты-жөніңіз, тегіңіз, ЖСН-іңізді тауып, сіздің атыңыздан өтініш толтырып, шотыңызды көрсетіп, ақшаны алып қоюы мүмкін, – дейді министр Біржан Нұрымбетов.
Сорақысы сол, жәрдемақы алғысы келгендердің арасында қайтыс болғандар да, шет елге көшіп кеткендер де кездесті. Оған жұмыс орны сақталып, жалақы алып отырғандар да ортақтасып жатқан көрінеді.
– Министрлік жұмыс берушілерді тексергенімен, үй-үйді аралап жүре алмаймыз. Бұл – осындай кезде өтірік алдап, өтініш бергендердің жауапкершілігі, – дейді ведомство басшысы.
Әлеуметтік төлем 16 наурыз бен 15 сәуір аралығына есептелді. Ал төтенше жағдай мерзімі мамыр айына дейін созылып отыр. Осыған байланысты көптің көкейінде «оны екінші рет алу үшін не істеу керек?» деген сұрақ пайда болғаны рас.
– Мұны 29 сәуір күні өткізсеңіз де бір күнге, жарты айға деп бөлмейміз. Өтініш берсеңіз, толығымен 42500 теңге төленеді. Күніне саналмайды. Мысалы, төтенше жағдай бір ай болып, одан кейін 5 күнге созылған күннің өзінде 42500 теңге төленеді, – деп түсіндірді министр.
Сәуірден бастап зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік көмек мөлшерінің индексациялануы қиындыққа тап болған отбасылар үшін сәл де болса сеп. Облыста ол 247 мыңнан астам адамға тиесілі.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаментінің басшысы Төреахмет Жолымбетовтің айтуынша, зейнетақы төлемі мен еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы мөлшері 5 процентке артты. Жаңадан тағайындалған зейнетақы 46 айлық есептік көрсеткіштен (127 788 теңге) аспауы керек. Мемлекеттік базалық зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-ана, бала асырап алушы, қамқоршыға берілетін, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғарылауына байланысты көбейді.
Осылайша 1 сәуірден бастап:
– айлық есептік көрсеткіш – 2778 теңге;
– зейнетақының ең төменгі мөлшері – 40441 теңге;
– ең төменгі күнкөріс деңгейі – 32668 теңге;
– мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 17641 теңге;
– жалақының ең төменгі мөлшері 42500 теңге болды.
– Сонымен қатар, І және ІІ тізімдегі мемлекеттік арнайы, бала тууына байланысты бір рет, бала бір жасқа толғанға дейін, көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға ай сайын төленетін жәрдемақы, арнаулы жәрдемақы көлемі айлық есептік көрсеткіштің жаңа мөлшеріне сәйкес артты, – дейді департамент басшысы.
Төтенше жағдай кезінде зейнетақы мен жәрдемақы алушылар мекеме жағалап, табан тоздырмайды. Олар үшін әлеуметтік төлем автоматты түрде есептеледі. Өтініштер «Электронды үкімет» порталының «Электронды өтініштер» сервисі арқылы қабылданады.
Назерке Саниязова,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |