Диқандарды демеудің жаңа деңгейі

Бүгінгі әлемді қауіпті кесел қатты алаңдатып тұр. Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантиндік шаралар барынша күшейтілуде. Барлық назар, күш осы проблемаға бағытталған. Солай бола тұрса да, назардан тыс қалдыруға болмайтын салалар бар. Соның бірі – егін шаруашылығы. Көктемгі егістікті өз мерзімінде атқарып шығудың маңызы өте зор. Өйткені, көктемнің әр күні – жылға азық. 

ҚР Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев 31 наурызда жа­саған мәлімдемесінде мемлекет тарапынан фермерлерге қо­мақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Бұл мақсатта бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат шаруаларға «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Оның үс­темеақысы 5%-тен аспайды. 

Мемлекет басшысы сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ар­қылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуге тапсырма беретінін жеткізді.  Аталған бағдарлама ая­сындағы түпкі мөлшерлеме барлық салалар бойынша біріз­дендіріліп 6% болды. Мұнда ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсету қажеттігі айтылды. Сонымен қатар Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15%-ке арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осы­ны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңіл­дікпен сатылатын болады. Арзан жанармай шаруаларға дейін жетуге тиіс. 

Көктемгі егіс жайын және Президент тапсырмасының орын­далу барысын білу мақса­тында облыстық ауыл шаруа­шылық басқармасына хабар­ласқан болатынбыз. Басқарма мамандары берген мәліметте өңірдің басты дақылы – күрішті  88,2 мың гектар жерге орналас­тыру межеленіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 308 гек­тарға артық.

Ал жалпы егіс көлемі 183,1 мың гектарды құрайды. Сыр маржанын егудің қолайлы мез­гілін Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының мамандары дайындап, шаруашылықтарға ұсынған. Ша­руашылықтар, сондай-ақ, биыл 97,8 мың гектар дәнді, 6 мың гектар майлы, 61,6 мың гектар ма­л­а­зықтық, 17,7 мың гектар картоп, көкөніс-бақша дақыл­дарын екпек. 

Егінге қажетті тұқым мәсе­лесі толық шешімін тапқан. Қолда 22948 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы бар, бұл қажетті мөлшерден асып түседі. Оған қоса 683 тонна жаздық бидай, 94 тонна арпа, 17,6 тонна сұлы, 32,7 тонна жүгері, 10,1 тонна тары, 274,4 тонна жоңышқа, 95,2 тонна мақсары және 37,7 тонна соя тұқымы қамбада тұр.

Бүгінде шаруашылық құры­лымдары дала қосындағы еңбек­ке кірісіп кеткен. Диқандар қа­зірге дейін 21,2 мың гектар,  жаздық бидай – 3,7 мың гектар (97,7%), жаздық арпа – 0,5 мың гектар (96,0%), мақсары – 2,6 мың гектар (46,7%), жаңа жоңышқа 14,3 мың гектар (76,6%) алқапқа егін екті.

Күріш егу сәуір айының 20-нан кейін басталады деп күтілуде. Қажетті минералдық тыңайтқыштар мен тұқымдық материалдар толық қамтамасыз етілген. Еңбеккерлердің техни­ка­лары да толықтай дайын­дық­тан өткен. 

Басқарма мамандары 2020 жылдың көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін жет­кізді.  Осыдан наурыз айына бөлінген 3250 тонна дизель отыны облысқа жеткізіліп, шаруа­шылықтарға литрі 178 теңгеден таратылуда. Наурыз айының үшінші онкүндігінен бастап дизель отынының қалған көлеміне баға 8 теңгеге төмендеп, 170 теңгеден босатылды.

Мемлекет басшысы өз мә­лім­демесінде көктемгі дала жұ­мыстарына бөлінген дизель отынының бағасын нарық­тан 15%-ке арзандатуды тапсыр­ғаны белгілі. Алдын ала есептеулер бойынша сәуір және мамыр айларына бөлінген 10750 тонна дизель отынының бағасы 163 теңгеге дейін арзандап, шаруашылықтар тек дизель оты­нына кететін шығындарын орташа есеппен 150 млн теңгеге дейін үнемдейтін болады. Бұл – әрине, айтарлықтай қолдау.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес, көктемгі егін науқанын мерзімінде атқару мақсатында «Кең дала» бағдарламасы ар­қылы жылдық сыйақы мөл­шерлемесі 5%-тен аспайтын не­сиелер беру үшін қазіргі уақыт­та «Аграрлық несие кор­по­рациясы» Қызылорда филиалымен несиелендіру шаралары атқарылуда. Биылға  жос­парланған қаржы – 793,6 млн теңге.

Басқарманың бөлім басшысы Серік Сейдуалиев бүгінгі күнге аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша филиалмен жалпы құны 120,5 млн теңгені құрайтын 11 өтінім қаржыландырылып, 193,9 млн теңгенің 7 өтінімі ма­құлданғанын айтты.  Қалған 479,2 млн теңгеге құжаттар жи­­налып, қаралуда. Несиелер бойынша кепіл шарттарын тір­кеуге байланысты «Аза­мат­тар­ға арналған Үкімет» АҚ Қы­зылорда филиалы мен аудан­дардағы бөлімшелері арқылы қызметкерлер бөліп, арнайы құжаттарды қабылдау мәселесі шешімін тапқан.

Қазіргі уақытта аграрлық қаржы институттарымен рәсім­дел­ген құжаттарды тіркеу бас­талды. 

Жалпы, облыста көктемгі егінге дайындық – техника, тұ­қым, жанармай, несиелік қаржы секілді тағы да басқа мәселелер шешімін тапқан. Енді ауылшаруашылық құры­лымдарының алдындағы міндет – қазіргідей сындарлы шақта көктемгі нау­қанды мерзімінде нәтижелі ат­қарып шығу.

Мемлекет басшысы өз мәлім­демесінде атап көрсеткен­дей, азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету тұрғысынан ал­ғанда әр күніміздің маңызы зор.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Әлеумет 06 сәуір 2020 г. 531 0