« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Соңғы үш күнде 42500 теңгені алу үшін 1,2 млн өтініш түсті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін 42 500 теңге – ресми және бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған адамдар үшін қарастырылған төлем екенін айтты.
– Бұл – көмектің бір түрі ғана. Зейнетақы, жәрдемақыға уақытылы, ай сайын 300 млрд теңгеге дейін төленуде. Ол индекстеледі. Кәсіпкер азаматтарға үкімет тарапынан салық, несие, коммуналдық шығындарды төлеу мерзімін кейінге шегеруге қатысты көптеген жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар жасына, санатына қарамастан, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген адамдарға бюджеттің есебінен, «Biz bіrgemiz» қорының есебінен және еліміздегі патриот азаматтардың атынан азық-түлік топтамалары және ақшалай көмек көрсетіліп жатыр. Жұмыссыз қалған азаматтарға осы сақтандыру қорынан бөлек жұмысынан айырылған жағдайдағы төлем бар», – деді
Ол мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін төлемге өтініш қабылдайтын egov.kz және 42500.enbek.kz порталы жұмыс істеп жатқанын айтты. «Соңғы үш күнде 42500.enbek.kz порталына 1 284 000 өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта электрондық қолтаңба қолдану қажеттігі жоқ. Оны СМС арқылы келетін парольмен растауға болады. Телеграм-бот бүгін іске қосылды. Оның кешігіп қосылған себебі – алаяқ адамдар фейк телеграм-боттарды жариялап, халықты жаңылыстырды» деді.
Бейресми жұмыс істегендер
42500 теңге ресми, бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған азаматтарға қарастырылған. Олар – жалдамалы қызметкерлер, шағын және орта бизнестің жұмыскерлері. Егер жалдамалы қызметкерлер мәжбүрлі түрде, ақысы төленбейтін еңбек демалысына жіберілсе немесе жұмыстан шығып қалса, аталған төлемді алуына болады. Қашықтан жұмыс істейтін адамдар бұл төлемді ала алмайды. Бұл бұйрыққа қандай өзгеріс енгізілгенін айтқан министр «Жалдамалы қызметшілер қатарына коммерциялық емес ұйымдардың да жұмысшылары кіреді. Олар ақысыз демалысқа жіберілген болса, аталған төлемді ала алады. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдарға бұл төлем берілмейді. Әлеуметтік төлем берілетін келесі топ – өз бетімен жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар. Олардың арасында ресми және бейресми жұмыспен айналысып жүргендер бар. Ресми жұмыс істеп жүргендер – жеке кәсіпкерлер, адвокат, нотариус, сот орындаушы мен медиатор, фрилансер сияқты жеке практикамен айналысып жүргендер. Олар төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аударған болса, өтініш беруіне болады. Олардың қатарына төтенше жағдайға дейін бірыңғай жинақтық төлемді аударған адамдар да жатады. Бейресми жұмыс істеп жүргендер – ешқашан еңбек шартын жасамаған, салық төлемеген, әлеуметтік төлем төлемеген, тіпті бірыңғай жинақтық төлемді де төлемеген адамдар. Мемлекет басшысы осындай адамдарға да 42500 теңге төлену керек екенін, бірақ ол үшін алдымен бір рет мәртебесін рәсімдеу керек екенін айтты. Мәртебені бір рет рәсімдеу деген – бірыңғай жинақтық төлемді төлеу. Оны бір рет төлесеңіздер, 42500 теңгені ай сайын аласыздар. Бейресми жұмыс істеп жүргендер БЖТ-ны төлегеннен кейін келесі күні аталған портал арқылы өтініш бере алады» деді.
Бала бір жастан асқан соң...
Декретте отырған аналар бір жыл өткеннен кейін бірыңғай жинақтық төлемді төлеп, 42500 теңгеден үміттенуіне болады. Оларға бала күтімі үшін бала бір жасқа толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Бір жылдан асқаннан кейін олар жұмысқа шығар еді, бірақ төтенше жағдайға байланысты ешкімді жұмысқа алмайды. Сондықтан декретте отырған аналар бір жыл өткеннен кейін бірыңғай жинақтық төлемді төлеп, 42500 теңгеден үміттенуіне болады.
Ақпараттық жүйе бәрін реттейді
42500 теңге алуға бірнеше өтініш жазғандар бар «Бүгінгі таңда 938 мың адамнан 1 284 000 өтініш түсті. Демек, бір адам бірнеше рет өтініш беріп отыр. Мүмкін қателесіп, жаңылысып жіберген боларсыздар. Бірақ «2-3 рет өтініш берсем, 42500 теңгені 2-3 рет алам» деп ойласаңыз – қателесесіз. Ақпараттық жүйе оның бәрін тексеріп, реттеп алады» деді министр. Ол өтініш берген адам төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын растайтынын айтты. «Өтініш берген кезде порталдың астыңғы жағында «Мен жұмыс істеп жүріп, төтенше жағдайға қатысты табысымнан айырылғанымды растаймын және өзіме жауапкершілікті аламын» деген сөз бар. Сіз ол жолдарды оқыдыңыз, ал біз сізге сендік дегенді білдіреді. Мұны не үшін айтып отырмыз? Бұл төлемді соған мұқтаж адамдар алса деген ниетіміз бар. Жұма, сенбі күндері алғашқы 412 мың адамнан өтініш қабылдаған кезде біз тексеріс жасап көрдік. 1873 адам өтініш берген, бірақ ақпараттық жүйе арқылы тексеріп едік, олар қаңтар, ақпан, наурыз айларында орта есеппен 500 мың -1 млн теңгеден астам табыс алған азаматтар екені анықталды. Бұл – дұрыс емес, сіздерге 42500 теңге төленбейді» деді ол.
Жеке кәсіпкерлік ашып қойған, жұмысы бар азаматтар қазір жұмыс істеп жатыр және жалақысын да алып жүр. Бірақ жеке кәсіпкерлік арқылы аталған төлемді алғысы келеді. Бұлай ету – дұрыс емес. Олардың жалақы алып жатқаны туралы мәлімет ақпараттық жүйеде бар. «Ондай өтініштер қабылданбайды және мұндай әрекетке бармағандарыңыз дұрыс» деді Б.Нұрымбетов.
Бір-екі күнде шешіледі
Соңғы күндері есепшот ашқызу үшін ұзын-сонар кезекке тұрған көпшіліктің назарына жақсы жаңалық бар.
– Өтініш берген адамдарға 42500 теңгені аударуымыз керек, сондықтан өтініш берген кезде есепшотты көрсету керек. Өтініш бергендердің ішінде өмірінде ешқашан есепшот ашпаған адамдар бар. Олар өтініш толтырған кезде есепшотты көрсетуі керек, олар есепшот ашу мақсатында банктерге жүгініп жатыр. Осыған байланысты 1-2 күнде мынадай өзгеріс енгіземіз: өтініш берген кезде банкте шотыңыз болмаса, шотты
көрсететін жерге ештеңе көрсетпейсіз. Талапқа сай болған жағдайда сізге 42500 теңге тағайындап, сіз есепшот ашқанша 1 ай күтеміз. Есепшотты ашқаннан кейін сізге төлемді аударамыз. Өтінішіңізді жіберіп қойып, есепшотыңызды асықпай алуға болатын жағдай қарастырып жатырмыз. Бұл 1-2 күнде шешіледі, – деді министр.
Ол банктерге үндеу жасағысы келетінін айтты. «Барлық банкке айтарым, осындай қиын кезеңде біз секілді халықтың өтінішін бір терезеден – қашықтан қабылдап, олардың мәліметтерін алып, есепшотын енгізіп, карточкасын әзірлеп, үйіне жеткізіп беруге болады. Қазір «Қазпошта» да, «Халық банкі» де сонымен айналысып жатыр. Басқа банктерді де бізбен бірлесіп, халыққа көмектесу мақсатында осындай әрекет жасауға шақырамын» деді.
Банктердің 42500 теңге алу үшін арнайы есепшот ашуды талап етіп жатқаны дұрыс емес. Бұл туралы қаржылық нарықты реттейтін агенттік барлық банктерге нұсқаулық беріп, талап қойды.
– 42500 теңге алу үшін арнайы есепшот ашудың қажеті жоқ, ақша кез келген карточкалық есепшотыңызға аударылады және түскен ақшадан қарызды өтеуге, несие жабуға ақша ұсталмайды. Олай етуге банктердің құқығы жоқ, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |