« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ел президенті қасым-жомарт тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сырдария ауданында өз нәтижесін бере бастады. Тұрғындар тарапынан көтеріліп, жергілікті атқарушы билікке айтылған ұсыныс-пікірлерді орындау ауданда жүйелі жолға қойылған. бұл көп мәселенің оңтайлы шешілуіне тікелей әсер етуде.
Айдарлы ауылы – аудан орталығынан ең шалғай орналасқан елді мекен. Ауылдық округте 308 отбасында 1750-ге жуық тұрғын тұрады. Алыс ауылдың ең өзекті мәселесі – «Ақтам» каналы арқылы келетін аяқсудың бір жүйеге келтірілмеуі. Яғни, каналдың сағасы бітеліп, арнасы тарылып қалған. Бұл бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе екенін көпшілік жақсы біледі.
Өткен жылдың күз айында аудан әкімі Руслан Рүстемовтің ауыл тұрғындарымен кездесуінде де осы мәселе көтерілген болатын. Ауыл ақсақалдары аяқсу мәселесі шешілсе, тұрғындар егін егіп, кәсіппен айналысатынын айтып, жергілікті атқарушы биліктен қолдау көрсетуді сұраған еді. Сонымен қатар ауылдың бірқатар тұрғыны облыс әкімінің қабылдауында болып, тиісті жауап алған. Осыған орай облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен 28,9 млн теңге қаржы қаралып, жуырда «Ақтам» каналын тазарту жұмыстары басталды. Өткен аптаның жұмасында аудан әкімі елді мекенге арнайы барып, каналды тазарту жұмыстарының барысымен танысты.
«Ақтам» каналының басында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімхан Баһадүров пен ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қожахмет Сүйіндіков болды. Ақсақалдар бұл маңға екі күнде бір келуді әдетке айналдырыпты. Мақсат – жұмыстың сапалы жүргізілуін көзбен көру, мердігер мекеме өкілдеріне ағалық ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беру.
– Халқымызда «Қуаныштан бөркімді аспанға аттым» дейтін сөз бар ғой. Біз де каналды тазарту жұмыстары басталғанда бөркімізді аспанға аттық. Бұл бірнеше жыл қатарынан айтып, жауыр болған мәселе еді. Биыл облыс, аудан әкімдерінің қолдауымен шешімін тапты, – деді ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қожахмет Сүйіндіков бізбен әңгімесінде.
– Су – тіршілік нәрі, берекенің бастауы. Тұрғындар өтініші аяқсыз қалмағанына қуанамын. Ауылға аяқсу келсе, тұрғындар егін егеді. Өнімді сатып алмайды. Сонымен бірге аяқсудың болуы экологиялық мәселенің реттелуіне де әсер етеді, – деп толықтырған ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы ауыл үшін маңызды мәселенің шешілуіне ықпал еткен аймақ басшысына алғыс білдірді.
Каналды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме – «Сириус Строй» ЖШС. Директоры Шазатхан Құлтаев бүгінде каналдың 400 метр жері тазаланғанын, жұмыс белгіленген уақытта аяқталатынын жеткізді. Бұл бағытта екі бульдозер, бір экскаватор және 8 маманнан құралған арнайы бір бригада жұмыс істеуде.
– Мекемеміздің канал қазуда мол тәжірибесі бар. Жоспарлы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Ауыл ақсақалдарының да ұсыныстарына құлақ асып, бірлесе жұмыс жасап жатырмыз, – деді серіктестік басшысы.
Аудан әкімі мердігер мекеме қызметкерлерімен пікірлесіп, ауыл үшін аяқсудың өте маңызды екенін айтты. Сондай-ақ орынбасары Б.Лекеровке, ауыл әкімі А.Ержановқа аяқсу мәселесі шешілгеннен кейін елді мекендегі егін егу жұмыстарын жандандыру бағытында бірқатар міндет жүктеді. «Ақтам» каналының сағасынан бастап жаяу аралаған аудан басшысы жұмысты оң бағалап, еңбеккерлерге сәттілік тіледі.
Айта кету керек, «Ақтам» каналы қазылып, ауылға аяқсу келсе, 100 гектар жоңышқа, 60 гектар бақша дақылдары, 20 гектар картоп және 5 гектар көкөніс егілмек. Бұл дегеніңіз шалғайдағы ауыл үшін шаруаның қайта түлегені емес пе?!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |