Мемлекеттік сатып алу орталықтандырылады

Президент Жолдауында мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуын жүйелік жаңғырту қажеттілігі айтылған. Бұл сала, үлкен резервке ие болып, өткір әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

ҚР Қаржы министрлігі орталықтандырылған мем­лекеттік сатып алудың жаңа үлгісін әзірлеуде. Облыстық әкімдіктің ситуациялық орталығында облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қайрат Тұрымтаевтың төрағалық етуімен өткен селекторлық жиын осы заң жобасын талқылауға арналды. Оған облыстық басқармалар  мен аудандардағы жергілікті мемлекеттік орган мамандары қатысты.

Жиында департаменттің камералдық бақылау бөлімінің басшысы Майра Өмірбаева заңдағы өзгерістер туралы түсіндірме жасады. Басты мақсат – мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру. Жаңадан енетін өзгерістер мемлекеттік саяси қызметкерлердің мемлекеттік сатып алуға араласу механизмдерін болдырмайды. Тағы бір атап өтерлігі, «Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алу» қанатқақты жобасын іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді.

Департамент өкілі жыл басынан бері бір көзден шарттар жасасу үшін 5 негіз алынып тасталғанын жеткізді. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңындағы жаңа түзетулерде интернет-дүкен арқылы сатып алудың жаңа бәсекелестік тәсілін енгізу ұсынылады. Ол арқылы шағын тауарларды тез және ыңғайлы сатып алуға болады. Сондай-ақ сатып алу рәсімін жеделдету мақсатында жаңа тәсіл – шекті келісімді пайдаланып, конкурсты енгізу жоспарлануда. Бұл 45 күннің орнына орташа алғанда 3-5 күнге дейін сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Шекті келісімнің артықшылығы сатып алуды ұйымдастыруға әкімшілік шығындар мен рәсімге жұмсалатын уақыт үнемделеді.

Жыл соңына дейін теріс пайдалануды төмендету мақсатында мемлекеттік сатып алу порталында жұмыс өтілінің «Электронды депозитарийі» жаңа функционалы іске қосылады. Себебі мемлекеттік сатып алудың 80%-і құрылыс пен қызмет көрсетуді құрайды. Онда жеңімпазды анықтаудың негізгі өлшемі жұмыс өтілі болмақ. Аталған функционал жұмыс өтілін автоматты түрде есептеу­ге мүмкіндік береді. «Электронды депозитарийді» енгізу шартты жеңілдіктерді ашық есептейді және теріс мәліметтерді ұсыну проблемасын шешуге көмектеседі.

Мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы өзгерістер пилоттық жоба бойынша  Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап жүзеге асырыла бастайды. Осы пилоттық жоба оң нәтижелерін берсе жаңа заң 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл еліміз бойынша күшіне енетін болады.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Әлеумет 09 қараша 2019 г. 1 285 0