Нұрлы ақыл, жылы жүрекпен

Қайтарым күтпестен басқаларға қызмет ету біздің ұлтқа таңсық емес. Заманауи трендке айналған «волонтер» ұғымы шетелде пайда болғаны рас. Бірақ қайырымдылықты үнсіз жасайтын қазақ бұрын мұндайды «қарлығаш қанатымен су себу» деп атаған. Қазір облыста бірнеше еріктілер ұйымы жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын дәлелдеп жүр. Бұған Жастар орталығында өткен «Volunteer Fest» облыстық жас еріктілер фестивалінде көз жеткіздік.
Жүзден аса ерікті жиылған шараның басты мақсаты – «Волонтерлар жылына» дайындық жасау, сұраныс пен ұсыныс­ты ескеріп шешім қабылдау. Облыс­тық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Сана» зияткер жастар ҚҚ-ның ұйымдастыруымен өткен жиында басқарма басшысы Қуаныш Жанұзақов бұл шара келер жылға алғашқы қадам екенін атап айтты.
Алдағы жылы ауқымды істер атқарылуы үшін биылдан бастап ауыл, аудан, қала еріктілері арасында байланыс болғаны дұрыс. Сондықтан фестиваль еріктілер үшін бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасатын алаңға айналды. Жиында «Сана» зияткер жастар ҚҚ-ның президенті Сабыржан Кеңшілік еріктілермен жұмыс барысында кездесетін мәселелерді айтып, шешу жолдарын ұсынды.
Бұл қоғамдық қор облыста «Жеңіс» жобасын ұйым­дастырумен белгілі. Волонтерлар жылына төрт рет ҰОС, тыл ардагерлеріне материалдық көмек көрсетіп, үй шаруасына көмектеседі. Бір жақсысы, олардың көмегі бір реттік шара емес. Себебі, әр ардагерге жыл бойына бір ерікті жауапты болып бекітілген.
Ерікті болу еріккеннің ермегі емес, кейде тіпті ерлік. Ең бастысы, ол – қоғамды өркениетке бастайтын ниеті оң, жүрегі кең адамдардың жұмысы. Айталық, 100-ден аса адамды біріктірген «Жаңғырған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры осы кезге дейін екі отбасының қоныс тойын тойлауына себепкер болды. Қазір Жаңақорған ауданында үшінші үйдің құрылысы салынуда. Бес бағыт бойынша басқаларға көмектесетін еріктілер бұл жұмыс­ты алғаш 2 мың теңгеден қаржы жиып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік әперуден бастаған.
Жиында Абай айтқан үш қасиет – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегімен қоғамға қуаныш сыйлап жүрген еріктілер жобаларымен таныстыр­ды. Сондай-ақ, еріктілер арасында достықты қалыптас­тыру мақсатында «Ұлағат ұландары» жастар қоғамдық бірлестігі тимбилдинг форматындағы квест ойын­дарын ұйымдастыр­ды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
Әлеумет 24 қазан 2019 г. 1 091 0