« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылында тұратын тыл ардагері, Батыр ана Балшай Маханбетова ғасыр жасаған жан. 104 жастағы қарт ананы облыстық ауыл әйелдері форумы қарсаңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов құттықтады.
Балшай Маханбетова 1916 жылдың 1 маусымында Арал ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1962 жылы Карл Маркс ауылындағы №132 Тельман атындағы мектепте, 1966-1972 жылдары Карл Маркс ауылында жұмысшы болып қызмет атқарған. 1972 -1987 жыл аралығында ҚазССР-дің 50 жылдығы ауылында сауда дүкенінде күзетші болған. 1987 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан. Қазіргі уақытта ол Н.Ілиясов ауылында тұрады. Жолдасы Нәби Маханбетов екеуі 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балаларынан өрбіген 18 немере, 19 шөбере, 3 шөпшегі бар. Өрісін кеңейтіп, өмірін ел игілігі жолына арнаған ғазиз ана аймақ басшысына батасын берді.
Облыстық ауыл әйелдері форумы дәл осы ауылда өтті. Ауыл әйелдерінің қол жеткізген жетістіктерін насихаттауды, рухани жаңғырудың міндеттерін, Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асыруға қосқан үлестерін көрсетуді мақсат еткен форумға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Басқарма төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасыл экономикаға өту Кеңесінің мүшесі Салтанат Рахимбекова және аталған бірлестіктің атқарушы директоры Асхат Сүлейменов қатысты.
– Қашанда халқымыз үшін ауыл – ұлт руханиятының қайнар көзі, берекеміздің бастауы, – деді облыс әкімі өз сөзінде. – Ауыл әйелдері жайлы айтқанда көз алдымызға күбіде айранын пісіп, шоққа нанын көміп отырған аналарымыз елестейді.
Дегенмен, қазіргі уақытта заман талабына сай ауыл әйелдерінің жағдайы да, көзқарасы да өзгерді. Ұлт тарихына көз жүгіртсек, ер азаматтарымызбен бірге атқа қонып, ел намысын қорғаған аналарымыз аз болмады. Олардың есімі бүгінде өсіп келе жатқан ұрпақтарына үлгі. Сондай аналардың ізін жалғап, Сыр елінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Социалистік Еңбек Ерлері Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева, Қазына Жүсіпова секілді аналарымыздың бірі ортамызда болса енді бірі арамызда жоқ. Бірақ олардың қайраткерлігін, еңбекқорлығын біздер мақтанышпен айтамыз.
Тәуелсіздіктің елең-алаң уақытында да барлық ауыртпашылықты көтеріп, отбасының береке-бірлігін сақтаған әйел аналар. Сындарлы шақта олар елдің тыныштығын ойлап, ел игілігі жолында қолға алған реформалардың жүзеге асуына белсене араласып, еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің ұйытқысы да бола алды.
– Қазіргі таңда жалпы облыс тұрғындарының 47,8 проценті әйелдер болса, оның 54,7 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Әйелдер қоғамның барлық салаларында жұмыс істейді. Статистикаға жүгінсек, бүгінгі күні педагогтардың 73 процентін, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 процентін осы нәзік жандылар құрайды. Ал бюджеттік сала қызметкерлерінің 65 проценті әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі көп жағдайда олардың кәсібилігінің арқасында жұмыс істеп тұр. Бұл ретте мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі – 35,4 процент. Бұған дейін облыста түрлі деңгейдегі депутаттардың 9 процентін әйелдер құраса, соңғы кезектен тыс өткізілген сайлауда депутат әйелдердің үлесі 21 процентке жетті. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда да ауылдық жерлердегі әйелдер белсенділік танытып келеді. Бүгінгі күні өңірдегі кәсіпкер әйелдердің 48,3 проценті ауылдық жерде өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр, – деді аймақ басшысы.
«Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Басқарма төрайымы Салтанат Рахимбекова ауылды тұрақты дамыту, тұрғындарының табысын арттыру, жұмыссыздықты жою секілді мәселелерде ұйым тарапынан қолға алған жобаларды сөз етті. Ал бірлестіктің атқарушы директоры Асхат Сүлейменов жасыл экономика бағытында өткізілетін конкурстың мән-жайын түсіндірді. Әйел-аналардың конкурсқа қатысып, бизнес бастауға, грант ұтып алуға мүмкіндіктері барын баса айтты.
Жиын барысында Жаңақорған ауданы, Сүттіқұдық ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Әсемкүл Ермаханова мен жалағаштық кәсіпкер, көпбалалы ана Шолпан Қалиева да өздерінің жеткен жетістіктерімен бөлісіп, қолдау көрсетіп келетін ел ағаларына ризашылықтарын білдірді.
Форум соңында бірқатар аналар “Көпбалалы ана”, “Үздік ауыл дәрігері”, “Үздік үкіметтік емес ұйым”, “Мәдениет саласының үздігі”, “Үздік пошта қызметкері”, “Үздік сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес басшысы” номинациялары бойынша марапатталды. Сондай-ақ, форум аясында кәсіпкер әйелдердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар мен өнімдердің көрмесі де қатысушылардың назарына ұсынылды. Шараның бір ерекшелігі қатысушы нәзік жандылардың баршасы қазақы нақыштағы киім киіп, кештің көркін қыздырды. Бұл жиынға келгендерге рухани, айрықша әсер қалдырды.
Шараның екінші кезеңінде қатысушылар “Мүмкіндік. Дамыту. Жетістік” және “Отбасы. Бірлік. Береке” тақырыптары бойынша семинарға қатысып өз ойларын ортаға салды, көкейдегі сұрақтарына жауап алды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |