« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қауық ауылында жүрмін десең, тұтас оқырман ол қайда еді деп ойланары анық. Көзбен көрмек былай тұрсын, естігені де шамалы ғана шығар. Шынымен ол қайда еді? Сіз ойланып болғанша, мен де айтып үлгерейін, Қауық Жаңақорғаннан 70 шақырым жерде жатыр. Шығысында темір жол, батысы дарияға иек артып жатқан шағын ауылға сапарлаудың сәті түсті. Барғаныма қуандым. Өйткені, мұндағы жұрттың шаруасы әлдеқайда мығым.
Кейден ауылдық округіне қарасты Аққұмның іргесіне қоныс тепкен Қауықтың шынымен бөлек 8 үй екенін біреу білсе, біреу білмес. Өйткені, 50 адамнан аспайтын кейбір шағын ауылдар елді мекен статусынан ажырап, құжаттарға осылай жазылады. Жә, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Қауықтықтар бұған мазасызданбайды. Бастысы, тіршілік толқынында өз аяңымен келе жатқан жайы бар. Бір кездері Бірлік атты үлкен кеңшардың сүт фермасы ретінде бір бөлімшесі атанған. Кәдімгідей алпыс үйлі ел болыпты мұнда. Тіпті, кейіннен ата-бабаң кәсіп етпеген «қорсылдақты» да өсірген. Иә, расымен Қауықта шошқа өсіріліп, арнайы қорасы да соғылған. Кейденнің әкімі Бақтияр Тоқтыбаев ағамыз осылай әңгімелеп беріп еді. Ал ауылдың тарихы тым әріде. Жергілікті тұрғындар бұл жерді арғы ата-бабасының құтты қонысы екенін жиі айтады.
Қауық сөзі нені білдіреді? Бұны біз таппадық. Сөздіктерде де дәл анықтама жоқ. Ауылдағылар да анығын білмейді. Жай ғана Қауық аталып кете берген. Ал ауыл тұрғыны Сабырхан ағаның айтуынша, Қауық атауының екі нұсқасы бар.
– Аталарымыздан естуіміз бойынша, мына Қаратау беттен қараған адамға бұл жер қарауытып, тоғай болып көрінеді. Расымен, әлі де оты қалың жер ғой. Осыны көрген адам «мына жердің шөбі қаудай екен-ау» деген тамсанумен шыққан деп те айтады. Қалың шөп қураған уақытында ұйысып, мал астында тапталады. Қаудай жапырылып дейміз ғой. Қауды айтқанда, қалың шөпті айтқандағы қазақ сөзінің бір баламасы шығар бұл да. Екіншісі, дария тасығанда жағасындағы адам мен малға апат төндіретіні рас. Қауықтың түпкі негізі «қауіп» сөзінен шыққан деп те айтатындар бар. Ал бабалар ежелден қоныс қылған аймақта 1955 жылдан бастап колхоз фермасы ашылып, жұрт егін егіп, мал өсірген. Менің өзім 1957 жылы осында туғанмын, – деп те дәлел келтірді Сабырхан аға.
Сонымен Қауыққа қайта оралсақ. Былтыр «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінен он шақырым Аққұмға тас жол төселіпті. Ал Аққұмнан дәл қасындағы Қауыққа да осындай екі жарым километр жол тартылып, жол қатынасы едәуір жақсарғанын айтуымыз керек. Аудандық бюджеттен 4 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, бұл игі іске мұндағы аз ғана жұрттың алғысы шексіз.
Қауықта бұрын бастауыш мектеп болған. Бүгінде оның ізі де жоқ. Ауылдағы мектепке барар сегіз баланы арнайы шағын автобуспен Аққұмның мектебіне тасып жүр. Айтпақшы, сол автобусты айдайтын да осы Қауықтың азаматы. Онымен қоса мектеп зертханасында істейтін техникалық қызметкері де бар. Барлығы он адам болып ертемен мектепке кетіп бара жатқанын көресіз.
Қауықтағы Ұлсерік Иманбаева бақша егіп, күзгі өнімін жергілікті тұрғындарға сатады. Тіпті, алдағы уақытта кәсіпкер ретінде жеміс ағаштарын өсіріп, түрлі бақша өнімдерін көбейтпек. Ал мұндағы тағы бір кәсіпкер Жасұлан Божбанбаев 2014 жылдан бері «Божбанбаев» шаруа қожалығын құрып, атакәсіпке ден қойған. Әрі ірі қара тұқымын асылдандыру жөнінде жұмыстарды да бастап кеткен.
Қауық бір кездері сүт бағытындағы іргелі шаруашылық болса, бүгінде нағыз атакәсіпті жандандыруға өте-мөте қолайлы жер еді. Дария қалыңшылығы қыста малға әрі от әрі ық. Ал жазда өзге аймаққа қарағанда қоңыр салқын ауасы төрт түлікті ыстыққа ұрындырмайды. Жайылымдыққа бай. Тек қолдағы «қараңыздың» дер кезінде қарауылы боп, бағуын ұқсата біліңіз.
– Малға өте жұғымды жер. Өзім қолымдағы бар қараны семіртіп, елге етті арзан бағамен ұсынамын. Әу баста мемлекет бағдарламасымен несиеге жақсы аталық өгіздер алып, жұмысты бастап кеттік. Асылдандыру бағытында сиыр малын көбейтіп жатырмын. Ендігі мақсат – мал азығын осы маңайдан дайындасам деймін. Өйткені, Қауықтың жері шұрайлы, дариядан су тартып, жоңышқа егуді қолға алғым келіп жүр, – дейді Жасұлан Божбанбаев.
Қауықта ауыз су жоқ. Құдық қазғанмен кермек татиды. Малға жарамды болғанмен, тұрғындардың тамағынан өте қоймайтыны белгілі нәрсе. Мұндайда суды іргедегі Аққұмнан тасиды. Ал Аққұм халқы теміржолға қарасты мұнараның тұщы суын пайдаланып келеді. Әкімнің айтуынша, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза су Аққұмға кіргізіліп тұр. Аққұмға келген жағдайда Қауыққа да су тарту оңай болары анық. Ауыз су келді дегенше, Қауықтағы ел қарасы көбейеді деген сенім жоқ емес.
Сөз соңы. Белгілі жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов туған өлке еді бұл. Нардай қаламгерді дүниеге әкелген шағын ауылдың бүгінгі өмірі осындай. Бір кездері күйі тайған ел-жұрт сан кедергіге мойымай өзінше қарекет етіп жүр. Мұндайда масылдыққа жол бермей, барды ұқсата білгеніне қуанасыз. Солай. Тынымбайдай талантты дүниеге әкелген кішкентай Қауықта тіршілік жанданып жатыр. Біз соған куәміз.
Ержан ҚОЖАСОВ.
Жаңақорған ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |