« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі республикалық кеңес тобы Сыр еліне келді. Бейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың қатысуымен кеңес тобы өкілдерімен кездесу өтіп, «Бақытты отбасы» партиялық жобасын жүзеге асыру бағытында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.
– Бала құқығын қорғау мемлекеттің басты назарында екені белгілі. Оның ішінде жеткіншектердің өмір сапасын жақсарту, қиын жағдайда қалған балғындарға қолдау көрсету, әлеуметтік қамтамасыз ету – аға буынның басты парызы. Осы орайда республикалық кеңестің көтерер жүгі, жауапкершілігі өте жоғары деп ойлаймын,– деді облыс әкімінің орынбасары.
Кездесуде республикалық кеңес тобының жетекшісі Рысты Жұмабекова сапардың мақсаты жөнінде айтып өтті.
– Сапардың мақсаты – «Бақытты отбасы» партиялық жобасымен танысу, қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмектесу және балалық шақтың қорғалуын қамтамасыз етуде өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарды саралау, балалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелер қызметімен танысу. Кеңес тобы бүгінге дейін 12 өңірге барып, шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандар мен балалар мекемесінің жұмысын зерделедік. Қызылорда облысында да осы жағына мән берілетін болады. Нақты жұмыстар атқарылып жатыр, оны білеміз. Бірақ өңірде балалар денсаулығы аса көңіл бөлуді қажет етеді деп ойлаймыз. Атап айтсақ, облыстағы балалардың 35 процентінің денсаулығы жақсы болса, 65 процентінде өкінішке қарай, олай емес. Сонымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар, олармен қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Осы бағытта зерделеу жүргізіледі,– деді ол.
Балалардың құқығын қорғау мен денсаулығын нығайтуды қамтамасыз етуде денсаулық сақтау басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов баяндады. Балаларға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Барлығы 26 медициналық ұйым, оның 17-сі стационар. Облыста 335 төсек орынға арналған балалар ауруханасы және республикалық оңалту орталығының филиалы бар.
Ауруларды уақытылы анықтау және денсаулығын жақсарту мақсатында жыл сайын профилактикалық тексеру жүргізіледі. Биыл 157 мың бала жоспарланса, соның 98 проценті қамтылған. Ауру себептерін сараласақ, асқазан, ішек жолдарының аурулары басым болуда, екінші орында көз аурулары, үшінші кезекте қан және иммундық жүйе аурулары тұр. Мамандармен қамтылу 9,5 процентті құрайды, яғни, 107 маман бар. Облыс көлемінде 49 педиатр, 37 неонатолог және 17 балалар реаниматологы жұмыс істейді. Туабітті ақауалардың алдын алу мақсатында скринингтік тексерулер жүргізіледі. УДЗ скринингпен қамту 91,9 процентті құрады. Скринингтің сапасын арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 10 эксперткласты УДЗ аппаратын алуға қаржы бөлінді. Жасөспірімдер арасында жүктіліктің 65 жағдайы тіркеліп, былтырмен салыстырғанда 17 жағдайға төмендеген.
Онан соң кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Азамат Оспановтың хабарламасы тыңдалды.
Аймақта кәмелетке толмағандар мен жастар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бала тәрбиесіне мүдделі құзырлы органдармен бірлесе ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, барлық білім беру ұйымдарында алкоголизмнің, есірткіқұмарлық пен уытқұмарлықтың зияны туралы, ата-аналар мен жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі туралы лекциялар оқылып, түрлі шаралар өткізу жолға қойылған. Сонымен бірге, 15 мамыр мен 15 маусым аралығында «Нұрлы болашақ» атты республикалық акция аясында «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік іс-шаралары ұйымдастырылған. Мұнан бөлек, күнделікті, әсіресе аптаның демалыс күндері «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтері бар. Осындай іс-шаралар нәтижесінде 3 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 214 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған. Сондай-ақ, бала тәрбиесімен айналыспайтын 11 ата-ана сот шешімімен ата-аналық құқынан айырылса, бесеуінің құқы шектелген. Ата-ана тәрбиесіне көнбейтін, білім алудан жалтарып, өз бетімен қыдыруды әдетке айналдырған 9 жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырылған. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 63 кәсіпкер, темекі сатқан 18 және алкоголь өнімін сатқан 22 сатушы сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айта кетерлігі, есепті мерзімде профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 20,6 процентке төмендеп, қылмысқа қатысқан жасөспірімдер саны 7,3 процентке азайған. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны 13,2 процентке төмендеген.
Жиында балалардың құқын қорғау мен мүдделерінің сақталуы, әлеуметтендіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың, балаларға білім беру мен тәрбиелеуде жүргізілген жұмыстар жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекованың хабарламалары тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған Н.Байқадамов Қызылорда облысы республикада әлеуметтік салаға ең көп қаржы жұмсаған бірден-бір өңір екенін, бала құқығын қорғау, олардың мүддесін сақтау әлеуметтік басым бағыттың бірі екенін айтты.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |