Бидайкөлде береке бар

Шиелі ауданындағы Бидайкөл ауылының тұрғындары егіншілік саласын жете меңгерген. Әсіресе нарықтық қатынас үстемдік құрғалы әр тиынды есептеп, пайдалы жұмыс істеуге бейімделді. Ауылдағы 44 шаруашылықтың 28-і егін шаруашылығымен шұғылданса, өзгесі мал шаруашылығының жайын күйттейді. Ал осы ауылдағы «Бидайкөл» шаруа қожалығы екі кәсіпті де қатар өрістетіп келеді. Нақты кезеңде Талғат Байдалиевтің басшылығындағы іргелі ұжым өздеріндегі күріштіктің жартысына жуығын орып үлгерді.  
Шаруа қожалығы жылына 1000 гектарға егіс салатын болса, оның жартысы кү­ріш дақылы. Ұжым биыл да 466 гектар көлемге Сыр салысын орналастырыпты. Шаруа­шы­лық мамандары жаңа техноло­гияны меңгеру барысында күріш­тің әртүрлі сорттарын тәжі­рибе ретінде егуді де қолға алғандығы аңғарылады. Мәсе­лен, алқаптағы 188 гектарға «Ян­тарь» сорты егілсе, 278 гек­тарына «Лидер» сорты се­білді. Міне, жазғы ыстық та өтіп, дақылдың ораққа түсер кезі келді. Ұжымдағы еңбек ете­тін 110 адамның ертеңгі не­сібесі мен тіршілігі күріш дәнінің түсімділігіне байла­нысты екен­і түсінікті. Сон­дық­тан да дала төсінде тынбай еңбек еткен еңбеккерлер егінді төкпей-шашпай жинап алудың қамына ертерек кірісті. Негізінен дәнді дақылдарды  ор­наластыратын №1 өндіріс бригадасы. Оның жетекшісі Қойшыбай Махан­бе­товтің басшы­лығын­дағы ди­­қандар қауымы, міне, осы та­лап тұрғысынан табылып, өз істерінің берекелі боларына сенімді.
– Жаз айында күрішіміз су­­дан тарықпады. Нормаға сай су берілді. Сондықтан да да­қылдың дәні толық. Биылғы жылғы межеміз әр гектардан 50 центнерден аса өнім аламыз деген жоспарымыз бар. Егін жинауға қатысып жүрген техникаларымыз сақадай сай, толымды табыс болады деген үміттеміз, – дейді ол.  
Қазір дала төсінде қызу еңбек. Әсіресе, озат комбайнер Болат Асановтың іс-қимылы ши­рақ. Іле-шала дән жегіш комбайндар да ілесіп келеді. Әзірге орта өнім түсімділігі тәуір. Осындай күн нұры тө­гіл­ген кемпіршуақ кезеңде егін жи­науды қарқындатып алу мақсаттарындағы бидай­көл­діктердің жүздері жарқын. Бұл – тиімді еңбектің көрінісі.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы.  
Әлеумет 22 қыркүйек 2019 г. 452 0