Ақылды құлып пен кілт

 Біз цифрлық әлемнің ажырамас бір бөлшегіне айналдық. Бүгінгі ұрпақ интернетсіз өмірді елестете де алмайды. Біз бақытты да бақуатты өмір сүру үшін шексіз мүмкіндіктерге иеміз. Уақыт озған сайын ел өміріндегі сандық технологиялардың салмағы артып келеді. Қазір қалта телефонымен талай шаруаны тындыруға болады. Қалаған бейнеңді көру, тамаққа тапсырыс беру, билет алу, балабақшаға кезекке тұру, тіпті іздеген адамыңыздың мәліметтерін де табу оңай іс болып қалды. 

Бүгінде үйде отырып-ақ түрлі қызметтерді пайдаланатындар қатары артуда. Соның бірі пәтерді жалға алу және беру қызметі жа­йында аз-кем ақпаратпен бөлісуді жөн көрдік. Бұл ретте цифрлық технология ел тұрғындарына жалдамалы пәтер табуға көмектеседі. Түрлі қосымша пәтер ауданы мен суреттерін ұсынады. Және оны жалдау үшін байланысатын адамның телефонын көрсетеді. Ал жалданатын пәтер бұл қонақүй емес. Мұнда 24 сағаттық қабылдау жоқ. Егер сіз түнде немесе таңертең ерте келсеңіз, көптеген қиындықпен бетпе бет келуіңіз мүмкін. Солардың бірі – пәтер иесімен кездесу. Ыңғайсыз уақытта келу пәтер иесін табуда кедергілерге кездестіретіні анық. Осындай мәселені шешу үшін қазақстандық әзірлеушілер мобильді қосымшаны ұсынады. Стартап жобаның негізін салушы Қанат Келдібеков­тың айтуынша, мобильді қосымша арқылы пәтерін жалға беруші адам ақылды құлыптың көмегімен кілтті қашықтан әрі қауіпсіз басқара алады. Мысалы қонақ сағат таңғы төртте келуі керек. Ол үшін пәтер иесі сағат үште тұрып кілтті тапсыруы тиіс. Белгіленген уақытта қонақ келмей қалуы мүмкін. Басқа мемлекеттен келетін болса, ұшақтың рейсі өзгеріп, айтқан уақытта жете алмай қалатын кездер де жоқ емес. Сонымен қатар, пәтер жалдаушылардың барлығының ниеті түзу бола бермейді. Арасында арам пиғылы барлары да кездеседі. Аталған стартап жоба соңғысымен кездесетін тағы бір мәселені шешуге атсалысады. Өйткені олар, ұсақ-түйекті былай қойғанда, пәтердегі бағалы затты қолды қылатын көрінеді.

– Жалға берумен айналысатын менің бір танысымның пәтерін тонап кеткен кездер де болды. Дәлірек айтсам, теледидарын алып кетті. Яғни адам жалдаған пәтеріне бірнеше күннен кейін келіп, теледидарды алып кеткен. Мұндай жағдайдың туындауының себебі кілтті қолға беруімізден екенін түсіндім. Өйткені пәтерді жалдаған адам кілттің екінші нұсқасын жасап алуы мүмкін. Сондықтан ақылды құлыптың көмегімен кілтті цифрлық жүйеге ауыстыру идеясын ойлап шығардым. Ақылды құлып қойғаннан кейін оның нұсқасын жасай алмайды. Цифрлық кілт үйдің есігін пәтер иесі белгілеген уақытта ашып жабады. Одан кейін қандай да бір іс-әрекетті енгізу мүмкін болмайды. Мысалы, қонақ таңғы алтыда келсе, мен тек телефондағы қосымшаға кіріп кілт таңғы алтыдан бастап белгілі бір уақытқа дейін жұмыс істейтінін белгілеймін. Және осы уақыт аралығында пин-кодты ен­гіземін. Оны арнайы хабарлама немесе «WhatsApp» арқылы жіберемін. Мұндай ақылды кілт­ке бірнеше қызметті де қосуға болады. Қосымшада көрсетілген тағы бір мүмкіндік пәтерақыны онлайн түрде төлеуге болады,– дейді жоба авторы.

Міне, цифрландыру өмі­рі­мізге белсенді түрде еніп жатыр. Енді бұдан былай жалға берушілер де цифрлық технологиялардың көмегіне жүгінетін болады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 

Әлеумет 20 шілде 2019 г. 1 206 0