Құлтабаның құстары

Төретам кентінің тұрғыны, еңбек ардагері Құлтаба ­Накиев ағамыздың есімі Байқоңыр ғарыш айлағы тұрғындарына ғана емес, көршілес Қазалы және Арал өңірінің жұртшылығына да жақсы таныс. Көптен бері ерекше кәсіппен айналысып келе жатқан жанды біз де іздеп бардық. 

Бала жасынан әкесі Есқуаттан алған тәрбиесімен еңбекқорлық пен жауапкершілік деген қасиетті бойына сіңіріп өскен Құлтаба көп жылдар бойы өзі қызмет еткен Байқоңыр қалалық ішкі істер бөлімінде де қызмет етті. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де туған елінің әлеуетін арттыруға атсалысып, ел құрметіне бөленіп келеді.

Бүгінде Құлтаба Есқуатұлы Төретам кентінде өткізіліп жатқан қоғамдық жұмыстарға белсене аралысып жүр. Ол, кенттегі ардагерлер мен қоғамдық кеңестің мүшесі. Медиаторлық қызметі тағы бар. Сонымен бірге, оның екінші бір қыры – түрлі экзотикалық құстар мен жануарларды асырап, көбейтуге машықтанған.

Біз аулаға кіргенде анадай жерде торда тұрған бірнеше алабай итті тамақтандырып жүрген ағамыз алдымыздан шықты. Амандық-саулық сұ­расып, келген жөнімізді айттық. Ол бізге күле қарап, әңгімеміздің төркінін түсініп, ауласындағы шағын құс қорасына жол бастады.

 Расында да, иттерден басқа аула ішіндегі қорада  бірнеше тауыс пен қоян-тауықтарды көрдік. «Асықпасаңыздар, менің шағын фермамда құстардың неше түрі бар» деді. Ағаның  ұсынысын құптап, соңынан ердік. «Мына түйе құстарды  бірнеше жыл бұрын Ресейдің Самара қаласынан әкелдім. Бүгінде оларды күтіп, бағудамыз. Мамандардың айтуынша, түйеқұстар семіргенде 170-200 келіге дейін ет береді. Жұмыртқасының өзі 1 келі 700 грамға дейін барады. Жылына  40  жұмыртқа салады» дейді ағамыз. Әрі қарай жүріп келеміз. Біз екінші қораға кіргенімізде  алдымыз­дан бірнеше түсті тауыстар шықты. Олардың жанында 4-5 қырғауыл, 30-ға жуық цесарка 50-ге жуық  тауық және қояндардың жүгіріп жүргенін көрдік. «Міне, осы хоббиімді одан әрі кеңейтуге жұмыс істеу­демін. Алдағы уақытта  бөдене асырау да жоспарда бар. Бөденелерге арнал­ған жай да  жақын арада дайын болады. Мына кісінеп тұрған  қасқа тайды сонау Қос­танай өлкесінен алдырдым.  Енді екі-үш жылдан соң үйірге қоспақшымын» дейді.

Осы ретте, Құлтаба Есқуатұлына: «Мынадай үлкен істерді атқарып жатырсыз. Пайда бар ма?» деген сауал тастадық. «Әрине, біріншіден, мен осындай сұлу құстардан  ләззат аламын, екіншіден, жасымыз болса жетпіске жетті. Отбасылық тірлігіміз өзгелерге, әсіресе болашақ ұрпаққа үлгі болсын, үйренсін деп жүрміз. Құстардың  еті мен жұмыртқасының адам баласына емдік қасиеті көп. Ол рас. Осы еңбегіміз айналамызға жастарды тарту ниетімізбен атқарылып жатыр» деген жауап алдық.

«Еңбек – әлем әміршісі» дегендей, тек құс емес, үйірлеп жылқы да ұстап отырған Құлтаба аға ауласында жеміс беріп тұрған  елуге жуық сары және қара өрік талының астында кәсібінің қыр-сыры туралы біраз әңгіме айтты.

Аулада сәлем салған келіншектей  жемісін көтере алмай иілген өрік ағашынан басқа,  шие, алма, қарақат, алмұрт ағаштары мен роза гүлдері ерекше сән беріп тұр.

«Еңбек – түбі береке» дейді дана қазақ. Осы уақытқа дейінгі саналы өмірін  үкілеп өсірген ұрпағының  жарқын  болашағына арнап, ел құрметіне бөленген еңбек ардагері Құлтаба Накиевтің игі ісі көпке үлгі десек, артық айтқандық емес.

 

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.

Қармақшы ауданы.

Әлеумет 18 шілде 2019 г. 3 409 0