Отбасылық кәсіпті өрістеткен

Әйел-аналардың іскерлігі мен еңбекқорлығы қашаннан жоғары бағаланады. Қай істі де ұршықша иіріп әкететін олардың тындырымдылығы, тиянақтылығы мен ұқыптылығы кәсіп бастарда да ерекшеленіп тұратыны рас. Осындай қарым-қабілетінің арқасында отбасылық кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп отыр­ғандардың бірі – Ханымкүл Шаханова.

71 жастағы ана Ха­нымкүл Шаханова балаларымен бірге жер баптап, егін егеді. Бүгінде балалары мен немерелеріне отбасылық кә­сіптің қыр-сырын үйретіп, еңбек етуге баулып жүр.

Кәсіп бастаудың ерте-кеші жоқ. Медицина саласының ардагері Х.Шаханова зейнет демалысына шыққан соң, «Нұрымбет» шаруа қожалығын ашты. Биыл бұл қожалық иелері 52 гектар жерді күтімге алып, жоңышқа екті.

– Зейнеткерлікке шығып, осыдан 20 жыл бұрын қожалық аштым. Балаларыммен бірге өзімізге белгіленген жерге күріш, жоңышқа егеміз. Онымен қоса, «Иіркөлден» балық аулап, оны саудалаймыз. Осы кәсіпті бастағалы бері егін егіп, жер жыртуға ел азаматтары қолқабыс етіп келеді. Биылғы егін бастау нау­қанында «Байтабын» ЖШС төрағасы С.Мыханов, «Мираж» ШҚ басшысы М.Бақтыбаев көмек берді. Қасиетті Рамазан айында осындай жомарт жандарға аналық алғысымды білдіремін. Осы жылы көкөніс, бақша дақылдарын ектік. Алдағы уақытта да егін көлемін ұлғайту жоспарда бар, – дейді кәсіпкер ана.

Ханымкүл ана өмірге 5 перзент әкеліп, олардан немере сүйген бақытты әже. Бұл әулетте «Еңбексіз ырыс жоқ» деген басты ұстаным бар. Балаларының барлығы әр салада еңбек етіп жүр. Отбасының ұйытқысы Ханымкүл анамыздың шар­уа­шылығында жайқал­ған ­бау-бақшада жемістің түр-түрі бар. Мұны өз қолымен егіп, қара күзге дейін күтіп-баптайды. Сондай тынымсыз тірлік еткендерге Жер-ана да өз несібесін берері анық.

Жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген анаға қарап, қарттықтың ешқашан жаспен өлшенбейтініне тағы бір көзіміз жетті. Дәнді дақыл мен балық өнімдеріне сұраныстың артуы шаруашылықтың ке­ңіс­тігін  кеңейтуге ықпал етпей қоймасы анық. Қожалық иесі алдағы уақытта арнайы мал сою алаңын ашып, сүтті сиырлардың басын көбейтуді қолға алмақ.

Назерке САНИЯЗОВА.

Әлеумет 01 маусым 2019 г. 1 283 0