ТОҚАБАЙДА ТОЛЫМДЫ ІС КӨП

Ауыл – алтын бесік. Ұлттық қалып сақталған қасиетті мекен.   Елбасының елді мекендердің еңсесін көтерудегі үлкен бастамалары да ауылдағы ағайынға біраз серпін бергені белгілі. Президент пәрменімен көп істің көші түзелді, шалғайдағы ағайынның шаруасы оңалды. Осындай оң істердің бір парасын Арал ауданынан да аңғаруға болады. 

Теңіз төскейіндегі ауылдарды аралаған жұрт ондағы елді мекендердің бір-бірінен алыс орналасқанынан хабардар. Теңіз қолтығындағы тұрғындар мен қыр беттегі қоныстардың арасы күншілік жер. Осындай алыстағы ауылдың бірі – құм арасындағы Тоқабай елді мекені. Қала мен 2 кент, 21 ауылдық округ орналасқан ауданда елді ме­кеннің әлеуметтік мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Әсіресе, ағайынның бас­ты талабы – жол. Жергілікті билік жыл сайын жолдарды қайта жаңғыртуға көңіл бөлген. Себебі, аудан орталығымен қатынас қиындық туғызбауы қажет. Мәселен, жақында ғана Тоқабай елді мекеніне тақтайдай түзу жолдың тартылып жатқаны туралы сүйінші хабарды естідік. Енді ол елдегі ағайынның ескі соқпақтың қиындығынан құтылатын күні алыс емес. Аудан әкімінің орынбасары М.Мейірбековтің айтуынша, бүгінде Райым, Қосаман, Ақбасты, Ақеспе, Көктем, Ерімбетжаға, Күршек, Жіңішкеқұм, Атанши елді мекендері әлеуметтік мәні бар маршруттар қатарына енгізілген. Алдағы уақытта бюджет қаражаты есебінен субсидиялау арқылы көлік қатынасымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Осы кезге дейін ауданішілік 13 бағыт бойынша жолаушылар тасымалымен айналысып келген «Жолаушы-Сервис А.Б.» ЖШС-мен жасалған келісім-шарттың мерзімі аяқталуына байланыс­ты, жаңадан жарияланған конкурс  нәтижесінде «Жақсат и К» ЖК жеңімпаз болып танылған. Ал, «Арал-Тоқабай» секілді бірқатар бағытқа екінші мәрте конкурс жарияланып, бүгінгі күні қатысушылардан құжат қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімінің орынбасарынан ауыз су мәселесінің де мән-жайын сұрағанбыз.

– Тоқабай ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатында облыстық бюджеттен 52 миллион теңге бөлініп, жоба-сметалық құ­жаттамалар әзірленді. Бү­гінгі таңда жоба-сметалық құ­жаттамаларға ­сараптама қо­ры­тындысы алынып, құ­ры­­лысын республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін құжаттамаларды ҚР АШМ Су ресурстары ко­ми­те­тінің тең­геріміне өткізу жұ­мыстары жүргізілуде, – деді М.Мейірбеков.

Сонымен бірге, тоқа­бай­лықтардың ғаламторға қосылатын күні де алыс емес. Интернет желісіне қосу үшін құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тарын сатып алуға ашық тендер өткізіліп, осы апта басында жеңімпаз мердігер анықталды. Жыл аяғына дейін антенна-мачталық құ­рылғы  жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Қызылорда жер­гілікті же­лілік телекоммуникация ­торабы 2019 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін осы құрылғы арқылы ауылды радио релелік желі әдісімен интернетке қосу жұмыстарын жүргізіп, пай­далануға беретін болады.

 

М.ҚҰРМАНӘЛІ.

Әлеумет 13 желтоксан 2018 г. 1 893 0