« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Ойлы халықтың арасында кең талқыланып, күн сайын өз маңыздылығын көрсетіп келе жатқан - адами капитал мәселесі. Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында осы капиталдың сапасын ұлғайтпаса болмайтыны туралы жиі сөз қозғалып жүр. Дей тұрғанмен бұл көпқырлы ұғым жөніндегі түсінігіміз қаншалықты дұрыс? Бәсекеге қабілеттілігі ең жоғары мемлекеттердегі адами капитал несімен артық?
Экономиканың дамуына үлес қосатын үш түрлі капиталдың бары белгілі. Біріншісі - табиғи капитал, яғни өндірісте қолданатын табиғат ресурстары. Екіншісі - физикалық капитал, оған тауар өндіру мен қызмет көрсетуге қажетті машиналар, құрал-жабдықтар, үй-құрылыс пен әртүрлі қорлар жатады. Үшінші капитал түрі - адам капиталы, ол бейматериалдық, зияткерлік активтермен өлшенеді, атап айтқанда, IT өнімдерімен, зияткерлік меншікпен және экономикалық құзыреттілік объектілері. Бұған мысал келтіретін болсақ, алуан түрлі компьютерлік бағдарламалар, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс нәтижелері, авторлық құқықтар, ноу-хау, жарнама, маркетинг технологиялары және тағысын тағылар. Мұндай активтер басқару қызметінің тиімділігін едәуір арттырады әрі өнімнің қосымша құнын еселей түседі.
XIX-XX ғасырларда дамыған мемлекеттер адами капиталға инвестицияларының тек 20-30%-ын ғана салса, қалғанын физикалық капиталға арнайтын-ды. XXI ғасырдың басында керісінше инвестициялардың 80%-ы адами активтерге, қалған 20%-ы физикалық активтерге жіберілетін болды. Дүниежүзілік банктің есептеуіне қарағанда, бүгінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін мемлекеттердің әл-ауқатын 81%-ға адами капитал, 17%-ға физикалық және 2%-ға табиғи капитал қамтамасыз етіп отыр. Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінде жарияланған ақпарат осыны меңзейді.
Осылайша жаһандық бәсекенің қызуы, жаппай цифрландыру, көптеген жаңа бизнес-модельдердің енуі мен қызмет көрсету секторының өрістеуі - барлығы да, түптеп келгенде, адамдарға, олардың біліміне, жеке және әлеуметтік инновацияларды құрудағы қабілетіне тәуелді.
Қазақстанның заманауи адами капиталдың жетіспеушілігіне байланысты дамымай отырғаны айдан анық. Біз ресурстарға, еңбек тиімділігін көбейтуге, дұрыс экономикалық, индустриялық және саяси стратегияларға негізделген өсу процесінің биігінде тұрмыз. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан ресурсқа негізделген экономикадан тиімді экономикаға өту жолындағы 15 мемлекет қатарына жатқызылған.
Енді қазақстандықтардың адами капиталын көтеру мүмкіндіктерін, соның ішінде білім саласының бұл процеске қаншалықты көмектесе алатынын қарастырайық.
БҰҰ-ның даму бағдарламасының сарапшылары есептей келе, адамның өмірлік әлеуетін ашатын үш шешуші кезеңін анықтаған. Бірінші кезең - бұл анасының босануға дейінгі уақыты және адамның ерте жасы. Адам өміріндегі ең маңызды уақыт осы. Бұл кезде қажетті жағдай туғызылмаса, адамның әлеуеті барынша жоғары деңгейіне көтеріле алмайды. Мұндай жағдайларға босану алдындағы және кейінгі уақытта күтім жасалуы, дұрыс тамақтану, балаға бірінші күннен бастап көңіл бөлінуі жатады. Ғалымдар ата-ана, ата-әже, педагогтің бала дамуына алғашқы күннен бастап араласуының қаншалықты маңызды екенін дәлелдеумен келеді. Зерттеулер нәтижелеріне сүйене отырып, бала ақыл-ойының туылғаннан үш жасқа дейінгі дамуы адамның төрт пен он төрт жас аралығындағы мүмкіндіктерімен пара-пар. Егер осы кезде бала қатарынан қалыс қалса, оның қабілетін қалпына келтіру үшін көп күш-жігер жұмсап, кішкене балаға қысым көрсетуге тура келеді екен.
Ал, қазақтың ата-аналары балаларының ерте жастан дамуына көп көңіл бөледі. Бұл тек менің пікірім ғана емес, эмипирикалық зерттеуден алынған тұжырым. 2016 жылы өткен 4-сынып оқушыларының оқу сауаттылығына арналған халықаралық зерттеу Қазақстан балаларының оқу дағдыларын дамытуға ертеден көңіл бөлетін ата-аналар үлесі бойынша 50 елдің ішінде екінші орында тұрғанын көрсетті. Осының арқасында балаларымыз мектепке жоғары дайындықпен келетіні расталды. Әлбетте, бұған соңғы жылдары мектепке дейінгі ұйымдар желісінің кеңеюі де өз үлесін қосуда. 2017 жылдың соңына таман 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту көрсеткіші 90,5%-ға жетсе, 1 мен 6 жас аралығындағы балалар 66,1%-ы қамтылған. Бастауыш білім мемлекетімізде жалпыға міндетті, Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауынша осы білім беру деңгейімен қамту көрсеткішінен республикамыз әлемде 4-орында. Алайда біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. "Білім туралы" Заңға сәйкес 2019 жылдың қаңтар айынан бастап мектепке дейінгі білім 6 жасқа дейін жалғасатын болады. Біртіндеп 6 жас мектепке түсудің жалғыз жасына айналады. Бұған мемлекетіміз 2000-жылдардың басынан 12-жылдық орта білім моделіне өту мақсатында дайындалып келеді. Үкіметтегі келесі қадам нөлінші сыныпты енгізу және "Әліппені" сонда ауыстыру. Осылайша Үкімет балалардың бірыңғай стандарттар негізінде ерте жастан сапалы дайындықтан өтуіне барынша жағдай жасауда.
Айдар САЙЛАУОВ
« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |